Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған ғимаратын қарап шықты, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ғимарат 1978 жылы салынған. Жөндеу жұмыстары кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ғимараттардың қол жетімділігін қамтамасыз ететін ережелер мен нормалар ескерілді. Мәселен, көздері нашар көретіндер мен зағиптарға арналған жазбалар мен бедерлі белгілер орнатылды. Ең бастысы, енді келушілер «бір терезе» қағидасы бойынша барлық қызмет түрлерін ала алады,- дейді басқарма басшысы Асланбек Шүиншалиев.
Ол сондай-ақ, облыс бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен шамамен 49 мыңдай адам қамтылғанын жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша барлығы 53 мыңнан астам адамды қамту жоспарда бар.
Жұмыс сапары «Рауан» тұрғын үй алабындағы 280 үйдің электр және су желілерінің құрылысын, жолдардың жөндеу жұмыстарын қараумен жалғасты. Жобалар биыл желтоқсан айында аяқталады. Айта кетейік, тұрғын үй алабындағы көшелер электр беретін желі қосылған соң жарықтандырылады.
Осы айда «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабындағы гүл бағын абаттандыру бойынша негізгі жұмыстар аяқталмақ. Келесі жылы көгалдандырылады деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімі сондай-ақ, Ақтөбе қаласы аумағындағы беткі су бұру жүйесінің қондырғысымен танысып шықты. Жаңбыр мен қардың суын бұратын суағарлар 11 шағын ауданда, Сәңкібай батыр даңғылында, Маресьев пен Сәтпаев көшелерніің қиылысында, Қаратаев көшесінде салынып жатыр.
Осы айдың соңына дейін суды бұратын темірбетон науаларын, су жинайтын құдықтар мен резервуарлар орнату, суағарларды кәріз желілеріне қосу, сонымен қатар, металл және темірбетон қақпақтарын науаларға орнату қарастырылған.