Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ораза Наурыз тойлауға кедергі емес пе?

Жансая ҚАМБАР
3 Наурыз 2025, 18:12
2247
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Әлеуметтік желіде Наурыз мерекесі мен ораза қатар келсе, қазақтар Наурызды тойлайды, көпшілік үшін Наурыздың мәртебесі оразадан жоғарырақ деген пікірлер оқырман арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы белгілі дінтанушы, "Кемел адам" кітабының авторы Қайрат Жолдыбайұлы не дейді? BAQ.KZ тілшісі сұрап көрді.

Дін мен дәстүрді бір-біріне қайшы қою мәдениетсіздік деп ойлаймын, - деді дінтанушы.

Ол Рамазан айының Наурыз мейрамымен қатар келуі тарихта талай кездескенін айтады.

Ұлы далаға Исламның келгеніне 12 ғасырға жуық уақыт болды. Содан бері ата-бабаларымыз Ислам дінін ұстанып келе жатыр. Ораза айының Наурызға тұспа-тұс келуі тарихта бірінші рет болып тұрған жоқ. Ол осы 12 ғасырда талай рет қайталанды. Сол қайталанған кезде бабаларымыз Наурызда ораза ұстауға болмайды, Наурыз бен ораза бір-біріне қайшы деген әңгімені айтқан емес. Керісінше, Наурызда оразаларын ұстап жүрсе де, кешке жақын ауыздарын наурыз көжемен ашты, - деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Дінтанушы биыл екеуін біріктіріп, наурыз көжені ауызашар уақытында беретінін айтты.

Өз басым ауызашар берген кезде наурыз көжені қоса ұсынамын. Наурызды тойлау үшін міндетті түрде күндіз наурыз көже ішу керек деген шарт жоқ. Ол жерде тілек, бір-біріне кең пейіл, ал асты кешке жақын ауызашардан кейін де ішуге болады. Жылда наурыз айында елмен бірге күндіз наурыз көже ішіп жүрдік. Енді биыл Наурыздың ораза айына келуіне байланысты екеуін қатар ұстанып, біріктіреміз де, кешке жақын ауызашармен бірге наурыз көже ішеміз, - деді ол.

Қайрат Жолдыбайұлы екі ұғымды қатар ұстауға кедергі жоқ екенін жеткізді.

Бір ұлтты түрлі қырынан бедерлеп тұратын, жасақтап тұрған құндылықтар бар. Сол құндылықтардың бірі дәстүр болса, бірі – дін. Менің мұсылман болғаным Наурызыма немесе қазақ болғаным дініме қайшы емес. Екеуін бірге ұстаймын, - деді ол.

Сондай-ақ Қайрат Жолдыбайұлы басқа наным-сенімдегі адамдарды құрметтеуге шақырды.

Өзің мұсылман емессің бе, ол дінді ұстанбайсың ба, онда басқалардың наным-сенімін құрметтеуің керек. Біздің ата-бабаларымыз өте мәдениетті болған. Өзі ораза ұстай алмай қалған кездерде ораза ұстап жүрген адамға құрметпен қараған. Оның көзінше тамақ жемеген, - деді дінтанушы.

Өзгелердің жаңалығы