Ораза кезінде мешіттерге қойылатын талаптар қандай?

8 Сәуір 2021, 17:28
2392
Бөлісу:
Ораза кезінде мешіттерге қойылатын талаптар қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар айтты.

Наиб мүфти Ершат қажы Оңғар карантин кезіндегі бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы мен ауызашар өткізудің тәртібіне тоқталды.

Қазіргі қиын жағдайды ескеріп, одан сақтандыру мәселесін алға қоя отырып, діни құлшылық ету мәселесін үш аймаққа бөліп отырмыз. Жасыл аймақта орналасқан мешіттерде намаз оқу бір адамға кемінде 4 шаршы метр есебінен қашықтық сақталған және толтырылуы 30%-дан аспаған кезде жүзеге асырылады. Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар және жас балалар намаздарын үйде оқығаны дұрыс. Тарауық намазы рұқсат етілген мешіттерде Құран хатымды (1 парадан асырмай оқу) санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізу керек, - деді ол.
Сондай-ақ мешітке кіруге міндетті түрде бетперде болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Намаз оқитын залдардың көлеміне қарай уақытымен залалсыздандырылу жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтап, қысқа сүрелер оқылады, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізіледі. Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдар мен санитайзерлерді пайдалану міндетті. Жасыл аймақтағы мешіттерге толтырылуы 30%, бірақ 50 орыннан аспайтын жағдайлар сақталған кезде ауызашар өткізуге рұқсат етіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №68 Қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінде еске алуға рұқсат берілгеніне қарамастан, ауызашарды мүмкіндігінше отбасы ортасында өткізген жөн, - деді Ершат қажы Оңғар.

Айта кету керек, бұл талаптар дәрігердің шешіміне сәйкес өзгертіліп отырады.

Сары аймақтағы мешіттерге қойылатын талаптар жасыл аймақтағы мешіттерге қойылатын талаптармен ұқсас. Қоса кететіні, айтылған талаптардан бөлек, мүмкіндігінше ораза ұстаған мұқтаж адамдарға ауызашар қоржынын жеткізіп беру шаралары ұйымдастырылуы керек, - деді қажы.

Ол қызыл аймақтағы мешіттерде тарауық намазы оқылмайтындығын жеткізді. Бес уақыт намазды тек жекелеген түрде оқу керек.

Қызыл аймақтағы мешіттерде намаз оқушылардың арақашықтығы 2 метр болып белгіленген орындарда ғана намаз оқуға рұқсат беріледі. Намаз оқитын залдарда имамдар мен намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетпердемен болуы тиіс. Намаз оқып болған соң, мүмкіндігінше мешіттен тезірек шығып кеткен жөн, - деп жалғастырды.
Карантин кезінде барлық санитарлық норма қатаң қадағаланады.

Айта кетейік, пітір садақа құны белгілі болды.


Раушан АРМАНҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы