Биыл Наурыз бен Ораза қатар өтіп жатыр. Бұл мұсылмандарға таңдау жасау керек дегенді білдіре ме? Дінтанушы әрі мәдениеттанушы Елнар Берікбев көптің ойында жүрген тақырыпқа түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Наурыз – өте көне мейрам. Ол Пайғамбарымыз Мұхаммед дүниеге келмей тұрып, мыңдаған жыл бұрын тойлана бастаған. Алайда ислам кең тарағаннан кейін де Наурыз жоғалып кеткен жоқ. Керісінше, бұл мереке жаңа дінмен үйлесімді түрде сабақтасып, бүгінге дейін жетті, - дейді ол.
Берікбаев Рамазан айы мен Наурыз мейрамының ұқсас әрі ортақ тұстары көп екенін айтады. Олар :
- Наурыз – жаңару мен тазару мейрамы. Мереке қарсаңында үйді тазалау, ренжіскен жандармен татуласу, қарыздарды қайтару дәстүрге айналған.
- Ораза – рухани және тәндік тазалықтың айы. Алла Тағала мұсылмандарға ораза ұстауды парыз етті, бұл адамға өз өмірін қайта қарастырып, денесі мен жанын тазартып, адамдармен қарым-қатынасын реттеуге мүмкіндік береді.
- Рамазан мен Наурыз – ізгі істер айы. Бұл күндері көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созу, қайырымдылық жасау ерекше маңызға ие.
Наурыз мерекесі кезінде Оразадан бас тартуға бола ма?
Жоқ. Денсаулығы жарамды, кәмелетке толған әрбір мұсылман Рамазан айында ораза ұстауға міндетті. Мерекелер оразаны бұзуға себеп бола алмайды. Алайда мұсылмандар Наурыз мейрамын атап өте алады. Наурыз ешқашан исламға қарсы қойылған емес. Керісінше, ол ғасырлар бойы мұсылмандық құндылықтармен қатар тойланып келеді, - деп түсіндірді Елнар Берікбаев.