Орал қаласының жаңа бас жоспарына байланысты үлкен дау туындады. Құны 250 миллион теңге тұратын құжатта Қарағанды мен Семейге қатысты мәліметтер кездесіп, қоғам тарапынан наразылық тудырды. Жіберілген қателік үшін қала әкімінің орынбасары Азамат Халеловке сөгіс жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаланы дамытуға арналған жаңа бас жоспар жобасы 2025 жылғы 15 шілдеде қоғамдық тыңдауға ұсынылған болатын. Тыңдау барысында қала тұрғыны Данил Макатуха құжаттағы түсіндірме жазбада Қарағандының дамуы, көмір өндіру, өндірістік аймақтар құрылымы мен экологиялық жағдайы туралы жазылғанын атап өтті. Бұл мәліметтердің Оралға ешқандай қатысы жоқ екені айтылды.

Аталған қателік "техникалық ақау" ретінде түсіндірілді. Азамат Халеловтің айтуынша, жобаны әзірлеген алматылық "Grado" ЖШС бір уақытта бірнеше қаланың бас жоспарларымен жұмыс істеп жатқан. Сол себепті Оралға арналған құжатқа басқа қаланың бөліктері қате қосылып кеткен.
Халық арасында жағымсыз реакция тудырған материалдар әкімдіктің сайтына жүктелген болатын. Олар басқа қалаларға қатысты мәліметтерді қамтыған. Барлық ескертулер ескеріліп, сайтқа түзетілген нұсқасы қайта жүктелді, – деді Халелов видеоүндеуінде.
Айта кетерлігі, қателікке жауапты сәулет бөлімі қызметкері тәртіптік жаза қолданылғанға дейін қызметінен шығып үлгерген.
Бас жоспарды түзету жұмыстарын жүргізген "Grado" ЖШС жобаның жалпы құнын 250 миллион теңге деп көрсеткен. Құжаттар түзетілді деген мәлімдемеге қарамастан, аталған жағдай жобаның сапасы мен жергілікті биліктің бақылауына қатысты сұрақтар туындатты.
Қоғамдық резонанс пен әлеуметтік желілердегі сыннан кейін әкімдік мемлекеттік жобалар мен қала құрылысына қатысты құжаттамаларға бақылауды күшейтетінін уәде етті.