Жаңа пәтер кілтіне ие болғандардың бәрі осы көктемде табиғи апат салдарынан баспанасыз қалғандар, деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz-ке сілтеме жасап.
Сөйтіп елдегі ірі компаниялар мен қаржы ұйымдарының демеушілігімен қалада 1400-ге жуық отбасы үйлі болды.
Батыс Қазақстан облысы – биылғы су тасқынынан айтарлықтай зардап шеккен аймақтың бірі. Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында 480 үй жарамсыз деп танылса, облыс орталығында 2616 үйдің одан әрі тұруға келмейтіні анықталды. Барлығы да азаматтардың жалғыз баспанасы санатындағы саяжай үйлері. Табиғи апатқа тап болып, бар жиған-тергенінен, дүние-мүлкінен айрылған отбасылар сәуір айынан бері эвакопункттерде тұрып келді.
Бүгін сол қиындықтың артта қалғанына қуаныштымыз. Үй ұнап жатыр. 100 шаршы метр деді бергенде. 3 бөлмелі, бәрі кіріп тұр. Ең басында қиын болды, далада қалған сияқты болдық. Кейін енді үйдің қағазын алғаннан кейін, шүкір, өмірдің өзі орнына келе бастады. Жан-жақтан ақша да келді, дүние де орнын тапты. Адамдардың көмегіне алғыс айтамын, бізге бірден-бір қолдау көрсеткен халық, - деді көпбалалы ана Айнұр Жорабекова.
Сондай-ақ су тасқынына тап болғандарға арнап облыс орталығында 374 тұрғын үй салынып жатыр. Қазір құрылыс қарқын алған. Үйлердің төбесі жабылып, ішкі әрлеу жұмыстарына кезек тиіпті. Ол үйлер ірі компаниялардың, қаржы құрылымдарының қолдауымен бой көтерген.
Біздің компания батысқазақстандықтардың басына түскен ауыртпалыққа бейжай қарай алмады. 15 үй салып беруге шешім қабылдады. Әр үйдің құны 18 миллион теңге. Заманауи құрылыс материалдарын пайдаланып жатырмыз. Ол үйлерді мерзімінде пайдалануға беріп, тұрғындарға қуаныш сыйлағымыз келеді. Жаңа үйлер Деркөл, Жұлдыз шағынаудандарында және Зашаған кентінде салынып жатыр, - деді компания өкілі Нұрлан Ақнұров.
Құрылысты осы айда аяқтау көзделген.
374 жеке үйлерге біздер үйлерді үйлестіру барысында отбасы құрамына қараймыз. Отбасында көпбалалы болса, үлкен кісілер болса, енді білесіздер, үлкен кісілер жер үйде тұрып үйреніп қалған. Ауыратындары бар, мүгедектері бар деген сияқты. Одан бөлек, мүгедектері бар отбасылар бар, қоларбамен жүретін. Оларға да ыңғайлы жеке секторлар. Сөйтіп бөліп тастап жатырмыз, - деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары алдағы айда толық аяқталмақ. Орал қаласы бойынша биылғы су тасқынынан келген шығын 70 миллиард теңгеге жуықтайды.