Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылдың соңына дейін Қорғаныс министрлігі құрылымдық бөлімшелері көрсететін мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі халыққа eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болады.
Азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру шеңберінде Қорғаныс министрлігімен 2019 жылы халыққа көрсетілетін 14 мемлекеттік қызметтің 13-і электрондық форматқа көшірілді.
Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді одан әрі цифрландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша жою, электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді танымал ету үшін ағымдағы жылдың соңына дейін Қорғаныс министрлігі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамымен өзара іс-қимыл жасай отырып, "Электрондық үкімет" порталының мобильдік қосымшасы арқылы сегіз мемлекеттік қызмет көрсетуді іске асыруды жоспарлап отыр.
Жыл соңына дейін қазақстандықтар үйден шықпай-ақ, смартфон арқылы әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлікті, запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға арналған әскери билеттерді немесе олардың дубликаттарын ресімдей алады деп күтілуде. Сонымен қатар, жылдам әрі қауіпсіз түрде әскери қызмет өткергенін растау туралы, азаматтың әскери қызметке қатысы туралы анықтамаларды, сондай-ақ жеңілдік санаттарындағы азаматтарға анықтамалар алуға болады. Олар Ұлы Отан соғысының, Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушылар және интернационалист-жауынгерлер, - делінген ақпаратта.
Тізімге сондай-ақ азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау, әскери міндеттілер мен шақырылушыларды әскери есепке қою немесе одан шығару, сонымен қатар Қарулы Күштердің қызметтік тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерін есепке қою жөніндегі қызметтер кіреді.
2019 жылы Қорғаныс министрлігі 310 112 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 290460-ы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының" филиалдары арқылы, 10 239-ы қағаз құжаттар арқылы әскери бөлімдер мен мекемелерде, 9 413-ы "Электрондық үкімет" порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылды.
Басты мақсат, әрбір адам мемлекеттік органдар мен мекемелерге бармай немесе қағаз құжаттарды қолданбай-ақ, "жылдам және онлайн" қағидасымен мемлекеттік қызметті алу болып табылады.