Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұған дейін Қазығұртта 8-сынып оқушысы мектептің алдында жұмбақ жағдайда көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.
Түркістан облысында оқушы жұмбақ жағдайда көз жұмды. Қазығұрт ауылындағы мектеп-лицейдің 8-ші сынып оқушысы Бейбарыс Нұралы мектеп ауласынан ес-түссіз күйде табылған. Аудандық білім бөлімі ауруханаға жетпей көз жұмған баланың ажалы өзінен болғанына сенімді. "Денсаулығы сыр беріп, өзі құлауы да мүмкін" дегенімен, полиция "абайсызда кісі өлтіру" бабымен тергеуді бастады.
Бұл туралы KTK телеарнасы хабарлады.
Сыныпта екі күннен бері маза жоқ. Сыныптастары сегіз жыл бойы бірге оқыған Бейбарыс Нұралының жоқ екеніне әлі сене алмай жүр. Партасы бос тұр. Сейсенбі күні соңғы сабақ – дене шынықтыру пәнінен шыққан Бейбарыс үйіне жете алмаған.
Мен келген кезде оның басы мына жақта, аяғы ар жақта болған. Мойны жібермей тартылып қалған болатын, - дейді куәгерлер.
Мұғалімдер сұлық жатқан баланы дереу аудандық ауруханаға жеткізгенімен, 14 жасар Бейбарыс тілге келмей көз жұмды. Мектептің бірнеше жеріне қойылған камераға Бейбарыстың құлаған жері түспей қалыпты. Дегенмен, өз тексерісін жүргізген білім бөлімі баланың соңғы сабақта бозарып отырғанын және сол күні мектеп ішінде сыныптасымен шекісіп қалғанын анықтаған.
Зерделеу барысында мектептегі бейнебақылауда ішкі істер бөлімі байқаған кезде, ол баланың Асанов Рамазан деген оқушымен, яғни өзінің сыныптасымен арасында кикілжің болғаны анықталды, - деді Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы Асан Үйсінбаев.
Тексеріс енді басталды десе де, білім бөлімі балалардың жабылып соққанын жоққа шығарды. Оқуда жүріп талып қалғанын мектептен емес, көшедегі біреулерден естіген Бейбарыстың әкесі, оған сыныптастары жабылғанын айтып, мектеп басшылығы абыройын төкпес үшін жылы жауып отырғанына сенімді.
Сынып оқушылары "Бейбарысты теуіп жатқанын көрдім" дейді бір бала. "Бес бала" дейді. "Кейін ол талып қалды", - дейді. Балам талған жоқ, сол кезде кетіп қалған. Жанды жеріне тиген де... - Жабылған кімдер екен? - Сыныптастары. "Анам екеуіңізді асыраймын. Менде мал болады, қора болады" деген еді. Арманы сол еді, арманымен кетті, - деді марқұмның әкесі Ғабиден Батырханов.
Ал әуелде "Бейбарысты құрдасы итеріп қалып, содан құлап өлді" деген полиция, енді алғашқы жауабынан айнып, "кінәлілер әзірге анықталған жоқ" деп отыр.
ҚР ҚК 104-бабымен қылмыстық қозғалды. Абайсызда өлім келтіру, - деді Қазығұрт аудандық ПБ бастығы Арман Ақшораев.
Баланың өлімінің нақты себебі тек сараптама қортындысынан кейін айтылады. Оны жарты айдай күту керек. Ал мектепке кетіп, мүрдесі мәйітханадан бір-ақ шыққан Бейбарыстың жақындары оқушылардан "өзге мектеп басшылығы да жауапқа тартылсын" дейді. Кінәлілер жауаптан "құтылып кете ме?" деп қауіптенген марқұмның жақындары істі прокуратура бақылауға алғанын қалайды.