Оқушыларға қырындаған тарих мұғалімі жұмысқа қалай тұрған? – Министрлік жауап берді

14 Қазан 2024, 14:13
772
Бөлісу:
Оқушыларға қырындаған тарих мұғалімі жұмысқа қалай тұрған? – Министрлік жауап берді
Фото: Мәди Искаков -архив

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Астанада оқушы қыздарға қырындап, хат жазған мұғалімге қатысты іс қалай қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс қазір белсенді түрде қаралып жатыр. Барлығы назарда. Ол заңнама жүзінде конкурс бойынша өтті. Ешқандай қайшы дүние болмады. Мұғалімнен қарама-қайшы әрекеттер байқалмады. Еңбек кодексіне сәйкес, 3 ай сынақ мерзімінен толық өтті. Бірақ осындай жантүршігерлік ақпараттар пайда болды. Сәйкесінше, қазір қылмыстық іс қозғалды, - деп айтты Оспанова Мәжілістің кулуарында.

Еске сала кетейік, Астанада тарих пәнінің 43 жастағы мұғалімі оқушы қыздарға қырындаған. Мұғалім оқушы қыздарға кешкі сағат 21:00-ден кейін WhatsApp-та сезімдерін білдіріп хат жазған. Бұл оқиғаны оқушылар ата-аналарына айтқан, ал ата-аналар мектепке хабарлаған.

Ол мектепте 2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап жұмыс істеген. Тарих пәнінің мұғалімі сынақ мерзімінде болған.

Тәртіптік комиссияның шешімі бойынша педагог 30 қыркүйекте Еңбек кодексінің 14-тармағы 52-бабы аясында жұмыстан босатылған.

Өзгелердің жаңалығы