Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға Ұлттық бірыңғай тестілеудің тиімділігі мен мектеп бітірушілердің дайындық деңгейіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету – мемлекеттің дамуының маңызды негізі. Елдің болашағы, экономикасы, ғылымы мен әлеуметтік тұрақтылығы жас ұрпақтың білім, дағды және құндылық деңгейіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындау мәселесіндегі қазіргі жағдай айтарлықтай алаңдатады.
Негізгі ҰБТ-2025 қорытындысы бойынша 210 мыңнан астам абитуриент тестілеуге қатысты. Алайда олардың тек шамамен 76%-ы (немесе 161 мың адам) шекті балдан өтті. Орташа көрсеткіш – 140 балдық шкала бойынша 69 балл. Ал шамамен 24% түлектер минималды балға жете алмады. Сонымен қатар 711 құқық бұзушылық тіркеліп, кейбір қатысушылардың нәтижесі жойылды. Бұл көрсеткіштер мектеп бітірушілерді дайындауда және жалпы мектептегі білім сапасында терең проблемалардың бар екенін көрсетеді, – делінген сауалда.
Сондай-ақ депутат мектептерде сапалы дайындық болмаған жағдайда ата-аналардың жеке репетиторлар мен коммерциялық білім беру орталықтарына жүгінуге мәжбүр болатынын атап өтті. Бұл отбасыларға қосымша қаржылық ауыртпалық туғызып, әсіресе аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылар үшін әділетсіздік тудырады. Нәтижесінде балалар әртүрлі әлеуметтік топтардан тең старт ала алмай, білім алу теңдігі принципі бұзылады. Бұл мемлекеттік білім жүйесіне деген сенімді төмендетіп, мыңдаған түлектің болашағына кері әсерін тигізеді.
Депутаттың ұсынысы бойынша мемлекет барлық мектеп бітірушілер үшін ҰБТ-ға тең және әділ дайындық жағдайын қамтамасыз етуге жауапты болуы тиіс.
Осыған байланысты Магеррам Магеррамов Үкіметке мына ұсыныстарды жолдады:
- Мемлекеттік мектеп бітірушілердің емтихан көрсеткіштері мен ҰБТ нәтижелерін салыстыра отырып талдау жүргізу. Мектептегі емтихан мен ҰБТ нәтижелерінің айырмашылығының себептерін анықтау.
- ҰБТ-ға дайындық үшін ресми мемлекеттік онлайн-портал іске қосу. Онда интерактивті тренажерлер, тест симуляторлары, тапсырмаларды талдау және виртуалды тәлімгерге (тьюторға) сұрақ қою мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.
- Әр жыл сайын ҰБТ нәтижелері бойынша толық аналитикалық есеп жариялау. Есеп өңірлер, мектеп түрлері бойынша бөлініп, типтік қателіктерді анықтап, мектеп бағдарламаларын түзетуге мүмкіндік беруі қажет.