Қысым көрсетіп, жұмыс істеткен: Жамбыл облысында буллинг үшін ата-аналарға айыппұл салынды

Мектепте қысым көрсетіп, түрлі жұмыстарға жеккен оқушылардың ата-аналары жазаланды.

 Оқу-ағарту министрлігі Бүгiн 2026, 11:45
Бүгiн 2026, 11:45
210
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Сот кәмелетке толмағандарға буллинг жасағаны үшін үш ата-ананы жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мойынқұм аудандық соты ӘҚБтК 127-2-бабының 1-бөлігі бойынша (Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеуге қатысты (буллинг, кибербуллинг) 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
 
Сот 2025 жылдың желтоқсан айында Мойынқұм ауданы Жамбыл ауылындағы орта мектептің 3 кәмелетке толмаған оқушысы жүйелі түрде мектеп оқушыларына қысым көрсетіп, оларды әртүрлі жұмыстарды орындауға тарту арқылы буллинг (оның ішінде кибербуллинг) әрекеттерін жасағандарын анықтады.
 
Сотта үш баланың ата-аналары кінәларын мойындап, кешірім сұрап, болашақта мұндай жағдайларға жол бермейтіндерін айтқан.
Құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушылардың жеке басын және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот әрбір ата-анаға 10 АЕК мөлшерінде (43 250 теңге) айыппұл тағайындады, - деп хабарлады Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық сотының баспасөз қызметі. 
Қаулылар заңды күшіне енді.
 
Наверх