Оқушылар мектепте тісін тегін емдете ала ма? – министрлік жауап берді

Бүгiн, 15:49
618
Бөлісу:
Оқушылар мектепте тісін тегін емдете ала ма? – министрлік жауап берді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Еліміздің мектептерінде стоматологиялық кабинеттер саны артады. Балалар арасындағы тіс ауруларын азайту үшін 2025-2028 жылдар аралығына шаралар бекітілді. BAQ.KZ тілшісі осы тақырыптың аясында Денсаулық сақтау министрлігінен ресми жауап алды.

Қазақстанда балалар арасындағы стоматологиялық аурулардың таралуы жыл сайын өсіп келеді. Соңғы 10 жылда кариеске (редакция ескертуі – тіс жегісі) шалдыққан оқушылар саны 76%-дан 78%-ға дейін көбейген. Яғни бүгінгі таңда әр 10 баланың жетеуінде тіс жегісі анықталады. Оған қоса, кариес қарқындылығы 2,7-ден 5,7-ге дейін артқан. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мектеп жасындағы балалардың стоматологиялық денсаулығын нығайту мақсатында "Болашаққа – сау тіспен" атты жол картасын әзірледі.

Балалардың ауыз қуысына профилактикалық тексеру жұмыстары мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында жыл сайын 2 жастан 17 жасқа дейін жүргізіледі. Алайда, ауыз қуысына жылына бір рет қана жасалатын профилактикалық тексеру қажетті динамикалық бақылау мен мониторингті қамтамасыз ете алмай отыр. Соның салдарынан тіс аурулары өсіп барады. Оның ішінде күрделі кариес түрлері таралған, - делінген жауапта.

Министрлік ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде 145 мектепте стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде ең көбі Алматы облысында (53 кабинет), Қарағанды облысында (29) және Жамбыл облысында (28) орналасқан.

Сонымен қатар 90 кабинет 1000 және одан көп оқушысы бар мектептерде ашылған. Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі 2025-2028 жылдарға арналған арнайы жоспар әзірлеп, облыс және қала әкімдіктерімен келісімге келді. Бұл құжатқа сәйкес, биыл 195 жаңа стоматологиялық кабинет ашу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы