20 күннен кейін елімізде оқу жылы аяқталады. Мектеп бітіру емтихандары соңғы қоңыраудан кейін басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салсақ, орта білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін айқындау туралы бұйрық былтыр 5 тамызда жарияланған болатын.
Құжатқа сәйкес, барлық меншік нысанындағы орта білім беру ұйымдарында оқу жылы 2025 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Яғни IV тоқсанда оқушылар 8 апта оқиды.
Сонымен қатар 9 және 11-сынып оқушыларының қорытынды аттестация мерзімдері де белгілі.
9 (10)-сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары 2026 жылғы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Ал 11 (12)-сынып түлектері мемлекеттік емтихандарды 2-15 маусым аралығында тапсырады.
9-сынып оқушылары математикадан емтиханды 29 мамырда тапсырса, таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан 3 маусымға белгіленген. Қазақ немесе орыс тілі бойынша эссе 8 маусымда, ал тіл мен әдебиет пәнінен емтихан 11 маусымда өтеді.
11-сынып түлектері Қазақстан тарихынан ауызша емтиханды 2 маусымда тапсырады. Алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша жұмыс 5 маусымға жоспарланған. Таңдау пәнінен емтихан 12 маусымда, тіл мен әдебиет пәндері бойынша қорытынды емтихан 15 маусымда өтеді.
Бұған дейін оқушыларға арналған жазғы лагерьлерге қойылатын талаптар қатаңдайтынын хабарлаған болатынбыз.