«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасын табуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде бұл шараға білім саласының қызметкерлері, оқушылар мен колледж студенттері де атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысының бағдарламасын күшейту және жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Онда өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиеге бейімдеу және еңбекті құрметтеуге қатысты тақырыптар қамтылған. Балабақша, мектеп, колледж жүйелі жұмысты ұйымдастыру «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде іске асырылуда.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті дамыту қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ұлттық және жаһандық бастамалардың маңызды бөлігі болып табылады. Оқушыларды экологиялық мәселелерге белсенді қатыстыру олардың табиғатқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттырып, болашақта экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам құруға үлес қосады – дейді Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру Департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.
Атап айтқанда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында мектепке дейінгі білім беру, орта білім, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы экологиялық тәрбиелік іс-шаралары арқылы жүйелі жұмыс қолға алынды.
Осы орайда ата-аналарды экологиялық мәдениет қалыптастыруға белсенді қатыстыру, үйде қалдықтарды сұрыптау, энергия үнемдеу тәрізді экологиялық әдеттерді енгізуге шақыру және мектеп пен жергілікті қауымдастық арасында экологиялық білім беру жобалары жүзеге асырылуда. Мектептерде 1-11 сыныптар арасында экологиялық тәрбие бойынша сынып сағаттары өткізіледі.
Ал мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық мәдениетін арттыру, балабақша кеңістігін эстетикалық және экологиялық ұйымдастыру, жанды және жансыз табиғат нысандарына ұқыпты қарауға тәрбиелеуге бағытталған 77 «Жасыл балабақша» жұмыс істейді.
Өткен жылы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Түлектердің ағаш егуі» эко-челленджі өтті.
Шараға 9-11 сыныптардан 180 мыңнан астам оқушы қатысты. Барлығы 50 мыңнан астам жас көшет пен гүл отырғызылды.