Оқушылар арасында алғаш рет жасанды интеллект бойынша олимпиада өтеді

Бүгiн, 13:12
184
Бөлісу:
Оқушылар арасында алғаш рет жасанды интеллект бойынша олимпиада өтеді
Фото: gov.kz

Цифрландыру министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Спорттық бағдарламалау федерациясы мектеп оқушылары арасында алғашқы республикалық жасанды интеллект бойынша AI Olymp олимпиадасын өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Цифрландыру министрлігінде маңызды кездесу өтіп, оған Цифрландыру министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бектаұлы Бейсембаев және Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Батырбекұлы Мусин қатысты. Кездесуде жасанды интеллект саласындағы білім беруді дамыту бойынша шаралар талқыланды.

Кездесудің негізгі оқиғасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Бұл құжат еліміздегі жасанды интеллект бойынша білім берудің жаңа кезеңін бастауға негіз қалады. Осы келісімнің маңызды нәтижесі ретінде мектеп оқушылары арасында алғашқы республикалық жасанды интеллект бойынша AI Olymp олимпиадасын өткізуді шешті.

Олимпиада жасанды интеллект және оған жақын салаларға (спортивтік бағдарламалау, математика, деректерді талдау) қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, қолдауға, сондай-ақ оқушыларды Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасына дайындауға бағытталған.

Бұл іс-шараны біз болашақ қоғамды құруға деген ұмтылысымызды білдіретін "Generative Nation" бастамасы аясында ұйымдастырып отырмыз. Мемлекет ретінде біз жас таланттарымызды қолдауға және олардың идеяларын іске асыруға жағдай жасауға қуаныштымыз. Спорттық бағдарламалау – бұл тек интеллектуалдық жарыс емес, ол ойлау мен табандылық мектебі. Мұнда жас мамандар күрделі тапсырмаларды еңсере отырып, шынайы өмірдің қиындықтарына дайындалады. Алғашқы республикалық мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект бойынша AI Olymp олимпиадасы – талантты оқушылар үшін бағдарламалау, математика және деректерді талдау салаларында өзін-өзі көрсетуге тамаша мүмкіндік. Бұл Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесін дамыту мен халықаралық жетістіктерге жол ашатын алғашқы қадам болады,– деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.

Қазақстан бүгінгі таңда білім беру үдерісіне озық технологияларды батыл енгізіп, уақытпен бірге ілесіп келеді. AI Olymp олимпиадасын өткізу – дарынды оқушыларымыздың әлеуетін ашуға және жаңа буын жоғары білікті мамандарды дайындауға стратегиялық қадам. Біздің жастар өздерін қолдауды сезінуі маңызды, – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Олимпиада көктемде екі кезеңде өтеді. Елдің түкпір-түкпірінен келген оқушылар бағдарламалау, математика және классикалық машиналық оқыту тапсырмаларын шешетін онлайн іріктеу кезеңіне қатыса алады. Ең үздік 30-40 қатысушы машиналық оқыту алгоритмдері, деректерді талдау және жасанды интеллект концепцияларымен байланысты практикалық тапсырмаларды шешетін финалдық кезеңге шақырылады.

Ең жақсы нәтижелер көрсеткен қатысушылар 2025 жылдың 2-9 тамызында Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өтетін Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI) Қазақстан құрамасының құрамын анықтау үшін арнайы дайындықтан өту мүмкіндігіне ие болады.

Еліміздің спорттық бағдарламалау құрамасына қатысу – тек бедел ғана емес, сонымен қатар жеке және кәсіби өсудің бірегей мүмкіндігі. Спорттық бағдарламалау қазіргі IT нарығында сұранысқа ие дағдыларды дамытады: күрделі мәселелерді тез әрі тиімді шешу, алгоритмдік ойлау және қысым жағдайында жұмыс істеу қабілеті. Сонымен қатар, бұл IT экожүйесінің бір бөлігі болу, еліміздің болашағын қалыптастыру және әлемдегі үздік университеттер мен компаниялардың есігін ашу мүмкіндігі, – деп атап өтті Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин.

Өзгелердің жаңалығы