Оқушыға күніне 840, ал итке 5000 теңге бөлінеді. Депутат қаңғыбас иттерге қатысты ұсыныс айтты

Бөлісу:
Оқушыға күніне 840, ал итке 5000 теңге бөлінеді. Депутат қаңғыбас иттерге қатысты ұсыныс айтты
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев қаңғыбас иттерді күтіп ұстауға бөлінетін ақша мен оқушыларға бөлінетін ақшаны салыстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат заң жобасына екі норма берген. Олар – иесі жоқ қаңғыбас иттерге 5 күн және иесі болуы мүмкіндерге 15 күн уақытша ұстау.

Әкімдіктерде ақша жоқ, кейде мемлекетте де болмайды. Сондықтан мәселе шешіліп жатқан жоқ. Осы жерде сәйкесінше логикалық сұрақ пайда болады: “Мұндай жануарларды уақытша ұстау изоляторында ұстау үшін не үшін 60 күн ақша құрту керек?”. Бізде оқушыларымызға жеткілікті деңгейде ақша бөлініп жатыр ма? Жоқ. Егер қателеспесем 840 теңгедей ғана. Ал иттерге кейде одан да көп жұмсаймыз, - деді депутат.

Баққожаев қоғамда осы себептен де сұрақ туындайтынын айтты.

Халықта “Неге мемлекет халықтың ақшасын басқа мәселелерді шеше алмай отырғанда жаратып жатыр?” деген сұрақ туындайды. Екіншіден, біз балалары зардап шеккен ата-аналарды қалай жұбатамыз? Мен миллиондаған иттің өмірі бір адамның өміріне татымайды деп есептеймін. Қалай айтсаңыз да, татымайды. Немесе жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері жұбатып көріңіздер. Шелекте, Шамалғанда қаңғыбас иттің дүкенге бара жатқан баланы тістеп тастаған оқиғасы болды. Барып, жұбатыңыздар немесе өтемақы төлеңіздер. Жануарларды қорғаушыларда өздерінің ақшалары бар ғой, өтемақы төлеңіздер. Егер жануарларды көлік қағып кетсе, онда иесін жауапқа тартуға болады. Ал егер ол ит болса, онда жануарларды қорғаушы ұйымдар өтемақы төлесін, - деп ұсынды Мәжіліс депутаты дөңгелек үстелде.

Отырысқа қатысушылардың сөзінше, итті уақытша ұстау изоляторында ұстауға күніне 5000 теңге бөлінеді.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы бойынша дөңгелек үстел өткізіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы