Балқаштық оқушы Мәскеудегі халықаралық ғылыми байқауға жолдама алды

26 Ақпан 2019, 17:05
4728
Бөлісу:
Балқаштық оқушы Мәскеудегі халықаралық ғылыми байқауға жолдама алды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Балқаштық жас ғалым Мейіржан Алғамжанов «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда топ жарды.

Білімпаз бала «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша «Жеңіс Қашқынов – балажан ақын» деген тақырыпта қазақтың белгілі қаламгерінің өлең-жырларына терең талдау жасап, жобасын жоғары деңгейде қорғап шыққан. Осылайша Мейіржан наурыз айының 9-ы мен 10-ы аралығында Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде өтетін «Қазақстан-Ресей: Шекарасыз ғылым» атты IV халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға жолдаманы ұтып алды. Енді ол ТМД елдерінен қатысатын оқушы және студент замандастарымен қатар ғылыми сайысқа түседі.

Балқаштық оқушы Мәскеудегі халықаралық ғылыми байқауға жолдама алды

Мейіржан Алғамжанов – Балқаш қаласындағы Абай атындағы №2 лицейінің 7 «А» сынып оқушысы. Жас ғалым өз жобасы жайында толығырақ тоқталды.

«Бұл жобаны өткен жылдың желтоқсан айынан бастап, зерттей бастадым. Ғылыми жетекшім Ақерке Балтабай бағыт-бағдар беріп отырды. Өзім де өлең жазамын. Үлкен ақындардың шығармаларымен жақын танысқым келді. Жеңіс Қашқыновтың өлең-жырлары балаларға жақсы тәлім-тәрбие береді деген ой қалыптасты. Жобаны жақсы қорғадым деп ойлаймын. Енді Жеңіс Қашқынов туралы бұдан да терең зерттеймін. Республикалық байқауда балаларға арналған жырларын жан-жақты зерттеп едім, енді Мәскеуде қорғайтын жобамды ақын атамыздың ертегілері мен балладаларына арнамақпын. Ресей астанасында қазақ тілі мен әдебиетінің мәртебесін лайықты түрде көрсете аламын деп сенемін. Алдағы уақытта осы жобамды тереңдетіп, кеңейтіп, қазақ балалар әдебиетінің әлем поэзиясында алар орны салмақты екенін дәлелдеуді мақсат тұтамын» - дейді Мейіржан Алғамжанов.

Мейіржанның зерттеушілік қабілетін ұштап, бағыт-бағдар берген жетекшісі Ақерке Балтабайдың өзі де жас ұстаз. Ол аталған жобаның қалай басталғанын айтып берді.

«Бұл ғылыми жоба 2017 жылы біздің лицейде Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдық мерейтойына арналып өткен «Жыр төксе көлге аққу, қаз қонатын...» атты кештен кейін қолға алынды. Оқушым Мейіржанның ақынның шығармашылығы мен өміріне деген қызығуына әдеби-сазды кешке келген қонақтардың ақын туралы тағылымды естеліктер әсер еткен болуы керек. Біз бұл жобамызда Жеңіс атамыздың балаларға арналған өлең-жырларының қазақ әдебиетінде үлкен орын алатындығы, қазіргі күні қазақ балалар әдебиетінің кенже тұстары көп болғандықтан, балалар үшін үлкен еңбек сіңірген ақынның оралымды ойларын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауды басты мақсатымыз етіп алдық», – дейді жоба жетекшісі.

Астанадағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияға мұрындық болған – «Экология, инженерия және педагогика ғылымдарының халықаралық академиясы» қоғамдық қоры. Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жұмыс істейтін Қор төрағасы Талғат Мұқанбетұлы: 

«Еліміздегі бұл сайыс биыл XXXXVI-шы рет ұйымдастырылды. Ғылыми байқауға оқушылардан студенттерге дейін қатыса алады. Қазылық еткен ғалымдар мен педагогтар қатысушының ынтасы мен ізденісіне, ғылымға қызығушылығын ерекше назар аударады. Мейіржан Ағламжановтың ғылыми жобасы республикалық «Мақсат» ғылыми-практикалық журналында жарияланады. Ай сайын жарық көретін бұл басылымға ең таңдаулы материалдар іріктеліп шығарылады», – деп тағы бір қуанышты жаңалығымен бөлісті.

Сондай-ақ бас ұйымдастырушы Мәскеуде өтетін халықаралық конференция барысында оқушылар мен студенттер қазақ тілінде қорғай алатынын, олардың сөздерін синхронды аудармашылар орыс тіліне аударып тұратынын жеткізді. Жобасы жеңіске жеткен оқушылар мен студенттер әрі қарай Грузияда өтетін еуропалық байқауға жолдамаға қол жеткізеді.

Бұдан бөлек, Талғат Мұқанбетұлы алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Біз ғылымға ынтық оқушылар мен студенттерді қолдаумен ғана шектелмейміз. Маусым айында Астанада мұғалімдердің арасында республикалық байқау өткіземіз. Бұл сайыс 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде «Менің мамандығым – мұғалім» аты шығармалар сайысы ұйымдастырылады. Екінші кезеңде үздік портфолиолар іріктеледі. Онда ұстаздар соңғы 3 жылдағы жетістіктерін паш етуі тиіс. Ал үшінші, шешуші кезеңде ашық сабақтардың байқауы болады. Қатысу тегін. Ешқандай жарна төленбейді. Ұстаздар байқауына демеуші боламын деген кәсіпкер азаматтар болса есігіміз ашық. Қорымыздың бас кеңсесі Ақтөбеде орналасқан. 8(7132) 44-01-28 телефоны арқылы бізге хабарласуға болады. Астана мен Алматыда да орталықтарымыз бар» - дейді ол.

Ержан Жаубай

Өзгелердің жаңалығы