Оқушы көп, мектеп жетіспейді. Мәселе қалай шешіледі?

24 Қазан 2019, 15:48
4861
Бөлісу:
Оқушы көп, мектеп жетіспейді. Мәселе қалай шешіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда білім саласындағы маңызды проблема – үшауысымды мектептер және кадр мәселесі. Бұл проблема қалай шешіледі?

Қазақстанда үшауысымда жұмыс істейтін 125 мектеп бар. Ал авариялық жағдайда тұрған мектептің саны ресми статистика бойынша – 36. Сыныптарда оқушылардың шамадан тыс асу жағдайы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды миллионер қалаларда жиі ұшырасады.

"2016-2018 жылдары 372 мектеп салынды. Оның ішінде 36 апатты және 125 үшауысымды мектеп сақталуда. Апатты және үшауысымды мектептердің проблемаларын шешу үшін республикалық бюджет есебінен 118 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде биылғы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 30 мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 27 мектеп іске қосылады", - дейді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Еліміздегі мектептердің көбісі 1950-1980 жылдары Кеңес одағы тұсында салынған. Өңірлерде күрделі жөндеулерге жүйелі көзқарас жоқ, бұл ғимараттардың бұзылу деңгейіне де әсер етіп отыр екен. Министрдің айтуынша, үшауысымды және мектепте орын жетіспеушілігі мәселесін жүйелі шешу үшін құрылысты қаржыландыру мен капиталды жөндеу жүргізудің жаңа әдістемесі енгізілген. Қаржыландыру көлемі ендігі кезекте өңірдегі бір оқушыға арналған нормативке сүйене отырып анықталады.

Мәселе қалай шешіледі?

"Бірқатар шешімдер қабылданды. Біріншіден, мектептер құрылысына қаражат арнайы өтінішпен қабылданды. Бюджет кодексінің 45-бабы жергілікті атқарушы органдарға бұл қаражатты басқа жолмен пайдалануға мүмкіндік бермейді", - дейді министр.

Министрлік апаттық және үшауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін депутаттардың ұсынысы бойынша білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы екінші шешім ретінде жеке индикатор ретінде көрсетіп отыр.

Аймағамбетов сонымен бірге, бюджетті орындау ережелеріне және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке енгізілген түзетулер бұл мәселені шешуге үлкен көмек болады деп отыр.

"Үшіншіден, бюджетті орындау ережелеріне өзгерістер енгізіледі, бұл жыл бойына қаражаттың мақсатты пайдаланылуын, соның ішінде Ұлттық экономика министрлігін, Білім және ғылым министрлігін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз үшауысымда апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін бюджет қаражаты есебінен және инвестициялар тарту арқылы шешеміз. Осы жылы 60 мектеп жеке инвестициялар есебінен салынады деп жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылы 80 мектеп құрылысы басталады. Осылайша, бұл проблема шешіледі", - деді министр.

Мектепке баратын мұғалім жоқ

Осы күні мектепте жұмыс істегісі келетін мұғалімдердің саны азайып кетті. Көбісі, мардымсыз жалақы, бітпейтін қағазбастылықтан шаршаған. Сондай-ақ, ата-аналар мен оқушылар және басшылық тарапынан бәрібір де алғыстың жоқ екенін жақсы түсінеді. Содан кейін бұл жұмыстан қашады.

Тамыз кеңесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың мәртебесін көтеруді тапсырды, алдағы 4 жылда жалақыларын арттыру керектігін айтты.

Ал қыркүйек айында Мәжілісте 19 баптан тұратын "Педагог туралы" заң жобасы таныстырылды. Осы заңға сәйкес 2024 жылы мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі. Бүгінгі таңда мұғалімдердің жалақысы орта жалақыдан төмен. Мұны министр де мойындап отыр. Жаңа заңға сәйкес, мұғалімдерге сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есеге өсіріледі. Сонымен қатар, педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді. Барлық педагог үшін еңбек демалысын 56 күнге ұзарту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу қарастырылып отыр.

"Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың жалақысы 70 мың теңге көлемінде. Бұл жеткіліксіз екенін жақсы білеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесінде алдағы төрт жылда жалақыны екі есеге өсіруді тапсырды. Бұл келесі жылдан бастап олардың еңбекақысы 25% ұлғаяды деген сөз", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Мұғалімдердің жалақасын көтеруге 1,7 трлн теңге бөлінеді

Министр жағымды бір жаңалықпен бөлісті. Республикалық бюджетте ұстаздардың жалақысын көтеру шараларына ғана 1,7 триллион теңге қарастырылған. Осыған дейін мұндай болмаған екен.

"Ендігі мақсатымыз – ол ақшаны әрбір педагогқа жеткізу және білім беру сапасын көтеру. 500 мыңнан астам педагогқа сан алуан қосымша ақылар беріледі. Сосын ғылым саласын қаржыландыру көлемі екі есеге артып отыр. Президенттің ұстаздар жалақысын келесі жылы 25%-ға, одан кейін 50%-ға, әрі қарай 70%-ға, ең соңында 100%-ға дейін көтеру тапсырмасы бар. Соны жүзеге асырамыз", - дейді ол.

Елордаға 200 мұғалім қажет

Көптеген өңірде мұғалімдер жетіспейді. Елорданың өзіне 200 мұғалім қажет екен. Қала әкімі Алтай Көлгінов жетіспеушілікті жою үшін педагогикалық университеттерге грантты арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен де қомақты қаржы бөлініп жатқанын айтты. Сөйтіп қала басшысы 2-3 жылда білікті ұстаздардың тапшылығын азайтамыз деп отыр. Дегенмен бұл ушыққан мәселенің бір бөлігі ғана. Елордада халық саны артып, оқушылар күрт көбейгендіктен, мектеп салу да өзекті болып тұр. Айтуынша, қазір 17 мың ұл-қыз үшін орын тапшы.

"Біздің қаламызда 200-ден астам мұғалім жетіспейді. Мәселені шешу үшін 2018 жылы әкімдік тарапынан оқытушыларды даярлауға байланысты университеттерге 100 грант бөлінді. Жалпы, бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін біртіндеп қадам басуымыз керек. Қазіргі кезде жоғары сапалы оқытушылар құрамын дайындап жатырмыз. Ал 3-5 жылдан кейін өз жұмысымыздың нәтижесін көреміз. Кадрлардың біліктілігін арттыруға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері "Астана" гуманитарлық колледжінің базасында үздіксіз "колледж-университет" білім беру жүйесі құрылды. Халық санының өсуіне байланысты жаңа мектептер салу мәселесі өзекті болып отыр. Соңғы 10 жыл ішінде елордадағы мектептер саны 1,5 есеге артты. Сонда да көбірек қажет. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында 108 мектеп бар. Алдағы бес жылда қалада 40 білім беру нысанын, оның ішінде жаңа мектептер салу жоспарлануда. Бұл мақсаттарға жеке инвестициялар белсенді тартылатын болады. Қазірдің өзінде жеке инвестициялар есебінен 11 мектеп салу жайлы келісімге келдік. Оған 30 миллиард теңге жұмсалады. Соның арқасында жаңа 12 мың орын пайда болады. Бүгінгі таңда қалада 17 мың орын жетіспейді", - дейді Алтай Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы