Қазақстанда мектеп формасы жыл сайын қызу талқыланатын тақырыптардың бірі болып отыр. Әсіресе оқу жылы басталар шақта ата-аналар бағасының қымбаттығына, сапасының әркелкілігіне және мектептің қатаң талап қоятынына шағымданады. Десе де оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Ата-аналар балаларына мектеп формасын алып үлгерді ме? BAQ.KZ тілшісі пікірлерін білді.
Ата-аналар пікірі
Елордалық көпбалалы ана мектеп формасы міндетті болуы керек деп санайды.
Мен ата-ана ретінде әр мектепте бірыңғай форма болғанын толық қолдаймын. Өйткені бұл балалардың тәртіп пен алаңсыз сабақ оқуына жағдай жасайды. Дегенмен бірыңғай мектеп формасын енгізуде басқа бір мәселе туындап отыр. Қажетті киімдерді тігіп үлгермеу салдарынан ата-аналарға қиындық туындап жатыр. Мәселен, кеше дүкенге арнайы барып, балаларыма форма алмақ болдық. Бірақ біріне лайықты жейде таппадық, екіншісіне кеудеше табылмады. “Қашан келеді?” деп сұрағанымызда, сатушылар тек “келгенде хабарласамыз” деп, телефон нөмірімізді ғана жазып алды, - дейді бес баланың анасы Айым Серікбайқызы.
Ата-ананың ойынша, егер бірыңғай мектеп формасы міндеттелсе, оның жеткілікті көлемде дайындалуы да қатаң қадағалануға тиіс. Себебі қанша оқушы болса, кемінде соның екі еселенген мөлшерінде форма тігіліп, дүкендерде уақытылы жеткізілуі қажет. Сонда ғана бұл бастама шын мәнінде тиімді әрі ата-ана үшін қолайлы болмақ.
Тағы бір ата-ана мектеп формасы – оқушының айнасы екенін айтты. Айжан Әбдікәрімқызы да көпбалалы ана, 4 баланы тәрбиелеп отыр. Оның екеуі мектеп жасында. Айжан көпбалалы ана ғана емес, сонымен қатар мектепте мұғалім.
Оның пікірінше, мектеп формасы ең алдымен оқушының ұқыптылығы мен жинақылығын көрсетеді. Мектеп формасымен жүрген бала таза әрі тәртіпті көрінсе, түрлі-түсті киім киген оқушы сыныпта назарды бұрып, сабаққа кедергі келтіруі мүмкін.
Егер бірыңғай мектеп формасы болмаса, қазір шығып жатқан түрлі сән үлгілері оқушыларды сабақтан гөрі киіммен жарысуға итермелеуі ықтимал, – дейді мұғалім.
Сонымен қатар бірыңғай форма әлеуметтік теңсіздіктің көзге ұрынбауына да ықпал етеді. Өйткені қоғамда әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасылар бар.
Классикалық үлгідегі форма оқушыны тәртіпке, тазалыққа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Ал мектеп формасын отандық өндірушілердің тіккені маңызды. Қазіргі таңда киімнің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Айжан Әбдікәрімқызының айтуынша, форманы қарапайым әрі қолайлы 2-3 стильде шығару отандық кәсіпті дамытуға, бюджет қаржысын елде қалдыруға жол ашар еді.
Бағасы қолжетімді, тұрақты болса, мектеп формасына қарсы ата-ана табылмайды, – дейді олар.
Қазақстандағы мектеп формасы
Қазақстанда мектеп формасы туралы талаптар 2016 жылдан бері Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Барлық оқушыға бірыңғай классикалық стильдегі форма кию міндеттеледі. Оның түсі мектеп кеңесі арқылы таңдалады, бірақ ашық, қанық түстерге жол берілмейді.
Формаға қойылатын негізгі талаптар:
• артық сәндік элементтер болмауы;
• ұлттық нақыштағы ою-өрнек қолдануға рұқсат;
• хиджаб, діни ерекшелікке байланысты бас киімге тыйым салынған.
Мектеп формасы туралы мәселе жыл сайын қоғамда талқыланып отырады. Бірі оқушылардың теңдігін қамтамасыз етеді десе, енді бірі ата-анаға қаржылай ауыртпалық түсіретінін алға тартады.
Қазақстан оқушыларына қандай форма рұқсат етілген?
Қазақстандық оқушыларға пиджак, жилет, шалбар, белдемше және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардигандарға ауыстыруға, сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек.
Ұлдарға арналған мектеп формасы:
пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, жемпір). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабуы қажет.
Қыздарға арналған мектеп формасы:
пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан, жемпір). Қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет.
Сонымен бірге біркелкі киім үлгісіне (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды.
Галстук міндетті емес.
Бұл өзгерістер қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін еске сала кетейік.
Шетелде оқушылар қандай форма киеді?
Әлем елдерінде мектеп формасына деген көзқарас әртүрлі.
• Ұлыбритания – мектеп формасы ең қатаң сақталатын елдердің бірі. Әр мектептің өз формасы бар: пиджак, галстук, арнайы белгісі болады. Бұл дәстүрді сақтау – ұлттық білім жүйесінің бөлігі.
• Жапония – мектеп формасы елдің мәдениетінің бір бөлшегіне айналған. Ер балалар көбіне әскери үлгідегі форма кисе, қыздар кеме қызметкерлерінің киіміне ұқсас форма (сэйлор) киеді.
• АҚШ – көп штаттарда бірыңғай форма жоқ. Әр мектеп өз ережесін бекітеді. Кей мектептерде тек дресс-код (қатаң емес киім үлгісі) қолданылады.
• Франция – мектеп формасы міндеттелмейді. Бірақ оқушыларға өте ашық, көзге оғаш киім киюге тыйым бар.
• Оңтүстік Корея – мектеп формасы міндетті. Ол оқушылардың тәртіп пен ұйымшылдығын сақтауға бағытталған. Формаға ерекше мән беріледі, тіпті оқушылар оны сабақтан тыс уақытта да киіп жүре береді.
Қазақстанға қайсысы тиімді?
Ата-аналардың айтуынша, бірыңғай форма оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтады, алайда ата-аналарға қосымша шығын әкеледі. Кейбір елдердегі тәжірибе көрсеткендей, форма міндетті болмаған жағдайда да оқушылардың үлгерімі мен тәртібі төмендемейді.
Қазақстанда мектеп формасы жайлы пікірталастар әлі де жалғасып келеді. Әсіресе жаңа оқу жылы алдында ата-аналардың арасында қызу талқыға түседі.