Оқу-ағарту министрі сүйінші жаңалық айтты

5 Желтоқсан 2023, 17:43
148009
Бөлісу:
Оқу-ағарту министрі сүйінші жаңалық айтты
PHOTO
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің қатарына кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл сүйінші жаңалықты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жариялады.

Қазір ғана кезекті PISA рейтингінің нәтижелері жарияланды. Өздеріңіз білетіндей, бұл білім сапасын бағалайтын маңызды халықаралық жүйе. Еліміз математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің ішіне кірді, - деді министр.

Сөзінше, жаратылыстану пәндерінен көрсеткіштер 26 балға артып, математика және оқу сауаттылығы бойынша алдыңғы нәтижелер сақталды.

Бұл жерде біздің мектептеріміздің рөлін ерекше атап өткен жөн. Қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық азайып келеді. Жалпы, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан 46-орынды (2018 жылы 54), оқудан – 61-орынды (2018 жылы 69), жаратылыстану пәнінен – 49-орынды (2018 жылы 69) иеленді.

Оқу-ағарту министрі сүйінші жаңалық айтты

Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне үздіксіз көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауының арқасында осындай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Педагог мәртебесін арттыру, жалақыны көбейту, қосымша білім беруді, инфрақұрылымды дамыту, балаларымыз үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету шаралары білім сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Білім саласын дамытудағы мемлекеттік ұстанымның дұрыстығы айқындалды. Осы бағыттағы жұмысты күшейте түскен жөн, - деді Бейсембаев.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Оқу-ағарту министрі сүйінші жаңалық айтты

Олар:

- "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" кадрлық резервін қалыптастыру және менеджментті нығайту;

- 21 ғасырдағы дағдылар мен құзыреттерді дамыту үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыру;

- Дайындық тәсілдерін жетілдіру, педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру;

- "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде жаңа мектептер салу, қалған білім ошақтарын жаңғырту, инфрақұрылымын дамыту;

- Сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау. Бұл шаралардың барлығы биыл Үкімет қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында» қамтылған.

Оқу-ағарту министрі сүйінші жаңалық айтты
Өзгелердің жаңалығы