Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалары қандай мектепте оқитынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
5 баламның екеуі оқушы. Олар мемлекеттік мектепте оқиды. Бұл мектеп үшауысымды мектеп екенін де қоса кетейін. Сондықтан мен министр ретінде ғана емес, ата-ана ретінде де жүйенің барлық проблемасын білемін, - деді министр журналистің сұрағына жауап беріп.
Ғани Бейсембаев балалары орта сыныпта оқитындықтан тегін ыстық тамақ ішпейтінін айтты.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекет жаңа мектептердің құрылысын бастады. Биыл 1 қазанға дейін елімізде 78,5 мың орындық 77 мектеп ашылды.
Биылдың соңына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 137,7 мың орынға арналған 165 мектепті, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 77 мың орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін және 113 ауылдық елді мекендердегі орын тапшылығын шешуге ықпал етеді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы биыл басталу көзделген.
Жалпы елімізде алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу жоспарланған.
Сондай-ақ биыл жоспарланған 260 мемлекеттік мектептің 206-ында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.