Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, Родина ауылында ведомство басшысы білім беру объектілерінің жаңа оқу жылына дайындығымен, мектепте тамақтандырудың ұйымдастырылуымен және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен танысты.
Елді мекенде бір жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда 260 бала оқиды және 30 педагог еңбек етеді. Оқушылардың, педагогтардың және мектеп қызметкерлерінің 100%-ы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мектеп жөндеуден өткен, сыныптар барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп тасымалы жұмыс істейді.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев министрді өңірдегі білім саласының дамуымен және жаңа оқу жылына дайындығымен таныстырды. 120 орынға есептелген "Солнышко" бөбекжайында Оқу-ағарту министрі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ұйымдастырылуымен танысты.
Балабақшаның спорт залы, музыка сыныбы, логопедиялық және пәндік кабинеттері бар. Балалар үшін 100% тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Сапар барысында Оқу-ағарту министрі бірінші кезекте тәрбиешілермен, педагогтармен және білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Тәрбие, педагогтердің біліктілігін, білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Білім беру сапасы педагогикалық құрамның сапасымен тікелей байланысты. Министрлік республикалық кадр резервін қалыптастыру бойынша жұмысты бастады. Мұғалімдерді аттестаттау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жаңа оқу жылында мұғалімдердің жетістіктері әр оқушының жетістігімен бағаланады, - деді Ғани Бейсембаев.
Ауылда 20-дан астам тегін үйірмелер мен қосымша білім беру спорт секциялары жұмыс істейді. Басқа өңірлерден келген педагогтарға тұрғын үймен қамтамасыз етуден бастап барлық қажетті қолдау шаралары көрсетіледі. Министр педагогтарды қоныс тойымен құттықтады.
Бүгінде облыста 5,5 мың оқушыға арналған 12 жаңа мектептің құрылысы басталды. Ақмола облысының 539 мектебіне жаңа оқу жылында 138 мыңға жуық оқушы, оның ішінде 14 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары келеді.
Халықтың ӘЖОТ-ғы 17 мыңнан астам бала мемлекеттен қолдау алды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 6 жаңа мектеп автобусы сатып алынды.