Оңтүстік Кореяның экс-президенті өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Оңтүстік Корея тарихында бұған дейін де төрт экс-президент тұтқындалған еді. Бірақ олардың барлығы біраз уақыттан кейін рақымшылыққа ілініп, босатылған.

 Ақорда 19 Ақпан 2026, 13:25
19 Ақпан 2026, 13:25
1080
Фото: Ақорда

Сеулдің Орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді 2024 жылғы желтоқсандағы бүлік ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өткен жылдың қаңтарында бұрынғы президентке 2024 жылғы 3 желтоқсанда алты сағатқа созылған қысқа мерзімді әскери жағдай енгізу нәтижесінде "көтеріліс ұйымдастырды" деген айып тағылған болатын.

Yonhap агенттігінің жазуынша, экс-президентке депутаттардың оның жарлығына қарсы дауыс беруіне кедергі жасау мақсатында Ұлттық жиналыс (парламент) ғимаратын қоршауға алу үшін әскер мен полицияны жұмылдырды, сондай-ақ Ұлттық жиналыс спикері мен сол кездегі билеуші және негізгі оппозициялық партиялардың лидерлерін тұтқындауға бұйрық берді деген айып тағылып отыр.

Айыптау қорытындысына сәйкес, Юн Сок Ёль Конституцияны бұзуға және елде соғыс немесе соған ұқсас төтенше жағдай болмаса да, заңсыз әскери жағдай енгізуге бағытталған тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру үшін бұрынғы қорғаныс министрімен және басқа да тұлғалармен сөз байласқан.

Өткен айда өткен қорытынды тыңдау кезінде арнайы прокурор Чо Ын Суктың тобы бұрынғы президентті өлім жазасына кесуді талап етті. Прокурорлар оның «сот және заң шығарушы билікті басып алу арқылы билікті ұзақ уақыт бойы ұстап тұру мақсатында» әскери жағдай енгізгені үшін ең ауыр жазаға лайық екенін мәлімдеді.

Қылмыстың сипаты өте ауыр, өйткені ол тек ұлттық мүдде үшін пайдаланылуы тиіс материалдық ресурстарды өз мақсатына жұмсады, - деді арнайы прокурорлар тобы.

Өзінің қорытынды сөзінде Юн Сок Ёль кінәсіз екенін алға тартып, президенттің төтенше жағдай енгізу жөніндегі конституциялық құқығын пайдалануы көтеріліс ретінде қарастырылмайтынын айтты.

Бұл азаматтарды басып-жаншитын әскери диктатура емес, бостандық пен егемендікті қорғауға және конституциялық тәртіпті жаңғыртуға бағытталған әрекет болды, - деді ол.

Еске сала кетейік, Юн Сок Ёль 2025 жылдың шілдесінен бастап қамауда отыр. Ол желтоқсан айындағы сәтсіз әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты айыптармен екінші рет тұтқындалған болатын. Өткен айда Юн Сок Ёль тұтқындауға кедергі жасау айыбы бойынша бөлек сот процесінде бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Саясаткердің жұбайы, Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хи қамауда отыр.

Сеулдің Орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиді 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Наверх