Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы қымбат сыйлықтар алғаны үшін бас бостандығынан айырылды

Бөлісу:
 REUTERS
Фото: REUTERS

Сеулдің Орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиді 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің жұбайы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Yonhap-қа сілтеме жасап.

Соттың мәлімдеуінше, Ким Гон Хи «Бірігу шіркеуі» өкілдерінен Chanel сөмкесі мен қымбат Graff алқасы сияқты қымбат сыйлықтар алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны “пайда табу үшін өз қызметін теріс пайдаланды” деп сипаттады.

Сот бұрынғы бірінші ханымды «Бірігу шіркеуінен» қымбат сыйлықтарды қабылдағаны үшін 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Айыптау тарапы әлдеқайда қатаң жаза сұрап, бұрынғы бірінші ханымға 15 жыл түрме және 2,9 млрд вон (шамамен 2 млн доллар) айыппұл тағайындауды талап еткен.

Алайда Сеулдің Орталық аудандық соты Кимге әлдеқайда қысқа мерзімді жазаны тағайындады. 

Сондай-ақ, сот Кимге 12,8 млн вон (шамамен 8 988 АҚШ доллары) сомасында айыппұл салуды да міндеттеді. 

Үкімді жариялау кезінде сот залында болған Ким Гон Хи өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарды. Оның қорғаушылары үш судьядан тұратын алқаның шешімін зерделегеннен кейін апелляцияға беру мәселесін қарайтынын мәлімдеді. 

Ал "Бірігу шіркеуінің" өкілдері сыйлықтар қандай да бір қарсы қызметті білдірмегенін алға тартты.

Айта кетейік, сотталушы Кимнің жұбайы - бұрынғы президент Юн Сок Ёль мемлекеттік опасыздықты қоса алғанда сегіз қылмыстық іс бойынша тергеліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін сот экс-президенттің әйелін сыбайлас жемқорлық үшін қамауға алғанын хабарладық. 

Өзгелердің жаңалығы