Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығыс өңірінде бірнеше орман өрті әлі де жалғасып, кемінде 24 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Биліктің мәліметінше, қаза тапқандардың басым бөлігі 60-70 жастағы азаматтар. Сондай-ақ, 26 адам жарақат алған, оның 12-сі ауыр жағдайда. Орман өрттері 23 мыңнан астам адамды үйлерін тастап кетуге мәжбүр етті.
Президент міндетін атқарушы Хан Дук Су бұл "бұрын-соңды болмаған" дағдарыстың ел тарихындағы ең жойқын өрттер қатарында екенін атап өтті.
Өрт салдарынан 1 300 жылдық тарихы бар Уйсоң қаласындағы Гоунса ғибадатханасы жанып кетті. Құнды мәдени жәдігерлер қауіпсіз орындарға көшірілді.
Биліктің мәліметінше, өрт жұма күні түстен кейін Санчхон уезінде басталып, кейін Уйсоң уезіне тараған.
Йонхап агенттігі күшті әрі құрғақ жел салдарынан жалын көршілес Андон, Чхонсон, Ёнян және Ёндеок уездеріне қарай жылжып жатқанын хабарлады.
Ұлттық орман ғылымы институтының маманы Ли Бён Ду Уйсоңдағы өрттің "елестету мүмкін емес" жылдамдықпен таралып жатқанын мәлімдеді.
Сәрсенбі күні түскі уақыттан кейін Уйсоң уезінің таулы аймағында өрт сөндіру тікұшағы апатқа ұшырады. Билік оқиғаның себебін тексеріп жатыр.
Мыңдаған өрт сөндіруші мен шамамен 5 мың әскери қызметкер өртпен күреске жұмылдырылды. Сонымен қатар, Кореядағы АҚШ әскери базасынан тікұшақтар да тартылды.