Оңтүстік Корея Қазақстанға мұнай бойынша келіссөзге келмек 

Президент аппаратының басшысы Кан Хун Сик-тің бұл сапары Ормуз бұғазы арқылы тасымалдың іс жүзінде тоқтауына байланысты үкіметтің энергия ресурстарын тұрақты жеткізуге бағытталған шаралары аясында жоспарланып отыр.

 Ақорданың баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 15:50
Бүгiн 2026, 15:50
155
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён әкімшілігінің басшысы сейсенбі күні Қазақстан, Оман және Сауд Арабиясына сапарға аттанады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Yonhap агенттігінің мәліметінше, сапар барысында АҚШ-Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа қатысты бітімге келу бағытында ілгерілеу байқалмай отырған жағдайда мұнай мен нафта жеткізілімдерін қамтамасыз ету мәселелері талқыланбақ.

Президент аппаратының басшысы Кан Хун Сик-тің бұл сапары Ормуз бұғазы арқылы тасымалдың іс жүзінде тоқтауына байланысты үкіметтің энергия ресурстарын тұрақты жеткізуге бағытталған шаралары аясында жоспарланып отыр. Бұған дейін АҚШ президенті Donald Trump Тегеран негізгі мұнай тасымал бағытын қайта ашпаса, қысымды күшейтетінін мәлімдеген еді.

Кан Хун Сиктің айтуынша, үкімет үшін басты міндет – елді стратегиялық маңызы бар ресурстармен үздіксіз қамтамасыз ету. Ол Оңтүстік Кореяның Таяу Шығыстан импортталатын мұнай мен нафтаға жоғары деңгейде тәуелді екенін атап өтті. Нафта – мұнай-химия және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылатын негізгі шикізат.

Өткен айда біз Біріккен Араб Әмірліктерінен 24 миллион баррель мұнайды басымдықпен жеткізу туралы келісімге келдік. Қазіргі уақытта мұнай мен нафта тиеген кемелер Оңтүстік Корея порттарына келіп жатыр, – деді ол.

Сонымен қатар, ол Таяу Шығыстағы дағдарыс толық шешілгенге дейін балама жеткізілім көздерін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, өңір елдерімен жоғары деңгейдегі келіссөздер нақты нәтижелерге әкелуі тиіс.

Бұдан бөлек, Кан Хун Сик үкімет Ормуз бұғазында тұрған Оңтүстік Корея туымен жүзетін 26 кеменің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдап жатқанын айтты. Бұл кемелер ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан кейін бұғазда қалып қойған.

Кан Хун Сик бүгін арнайы президент өкілі ретінде Сауда министрлігі мен энергетика компанияларының өкілдерімен бірге ресми сапарға аттанады.

Наверх