Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оңтүстік Корея президентінің тағдыры 4 сәуірде шешіледі

2 Сәуір 2025, 17:44
1279
Бөлісу:
 AP/South Korean Presidential Office
Фото: AP/South Korean Presidential Office

Оңтүстік Кореяның уақытша президенті елді сабыр сақтауға және қауіпсіздікті нығайтуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Оңтүстік Кореяның уақытша жетекшісі сәрсенбі күні Конституциялық соттан президент Юн Сук Ёльдің импичменті туралы шешімді сабырмен қабылдауға шақырды. Ал полиция 4 сәуірде қабылданатын шешімге дайындық ретінде сот ғимараты айналасында қауіпсіздікті күшейтті.

Тарихи шешімнің алдындағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі отырыста уақытша президент Хан Дук-Су "саясаткерлерге зорлық-зомбылықты қоздыратын пікірден аулақ болуды" қатаң ескертті.

Үкімет заңға негізделген шешімдерге қарсы ешқандай заңсыз немесе зорлық-зомбылық әрекеттерін құптамайды. Қандай шешім шықса да, оны сабырмен қабылдаймыз.Біз бұл шиеленісті бірлесе отырып жеңе аламыз, - деді Хан.

Конституциялық сот Юнның шұғыл әскери жағдай жариялау туралы шешіміне байланысты істі қарап, 4 сәуірде оны қызметінен біржола шеттету немесе қызметте қалдыру мәселесін шешеді.

Юн 2025 жылғы 14 желтоқсанда парламенттің шешімімен импичментке ұшыраған болатын. Ол желтоқсан айының басында әскери жағдайды негізсіз жариялаған деп айыпталды.

Сот оны қызметінен босату туралы шешім қабылдаса, 60 күн ішінде жаңа президент сайлауы өтуге тиіс. Осыған байланысты Оңтүстік Корея полициясы сот ғимараты айналасындағы қауіпсіздікті нығайта түсті. Ұлттық полицияның уақытша басшысы Ли Хо-Йонг сот ғимараты айналасында қауіпсіздік күшейтіліп, Юнды қолдайтын және оған қарсы азаматтардың шеруіне жол берілмейтінін айтты.

Зорлық-зомбылыққа қарсы қатаң шаралар қабылдауға уәде берген Ли полиция қызметкерлері ғимараттарды бүлдіргендерді, судьяларды қорқытқандарды немесе полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағандарды қамауға алатынын ескертті.

Айта кетейік, қаңтар айында Юнды қолдаушылар оның қамау мерзімін ұзарту туралы шешім шығарылғаннан кейін сот ғимаратының терезелерін сындырып, басып кірген болатын.

Хан Конституциялық соттың судьяларына қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Саяси дағдарыстың ушығуы салдарынан оппозициялық партиялар сәрсенбіде парламентте Қаржы министрі Чой Сан-Мокқа импичмент жариялау туралы өтініш берді.

Чой екінші уақытша президент болып, парламентте басым көпшілікке ие оппозициялық партиялардың ашуын тудырған болатын. Дегенмен, оппозициялық партиялар Чойдың импичментіне дауыс беруді Юнға қатысты шешімінен кейін қолға алуы мүмкін. Осы оқиғалар қарсаңында наразылық шаралары көбеюі мүмкін екенін ескерген шетелдік елшіліктер қосымша сақтық шараларын қабылдауға шақырды.

АҚШ елшілігі 3 сәуірде түстен кейін және 4 сәуір күні бойы өз консулдық қызметтерін, соның ішінде виза сұхбаттарын тоқтататынын хабарлады. Қытай елшілігі өз азаматтарына саяси наразылықтарға қатыспау және олардан аулақ болу жөнінде кескертті.

Өзгелердің жаңалығы