Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён егер АҚШ кореялық жұмысшыларға арналған визалық жүйесін жетілдірмесе, онда оңтүстіккореялық компаниялар Америкада жаңа инвестициялардан немесе бар жобаларды жалғастырудан бас тартуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент бұл пікірін қызметке кіріскеніне 100 күн толуына орай өткен баспасөз конференциясында айтты. Ол 4 қыркүйекте Джорджия штатында жүргізілген иммиграциялық рейдті сынға алып, онда 300-ден астам кореялық жұмысшының ұсталғанын атап өтті. Олар Hyundai компаниясының ірі зауытында аккумулятор өндірісін іске қосу жұмыстарына қатысқан.
Лидің айтуынша, АҚШ-пен жүргізілген келіссөздерден кейін ұсталған жұмысшылар жұма күні чартерлік рейспен елге қайтарылады.
АҚШ билігі жариялаған бейнежазбада кейбір жұмысшылардың кісенделіп әкетілген сәттері көрсетіліп, бұл жағдай Корея қоғамында қатты ашу туғызды. Рейд Трамп пен Лидің саммитінен екі апта өтпей жатып, сондай-ақ Сеул Вашингтонға 350 миллиард доллар көлемінде жаңа инвестиция салуға уәде бергеннен кейін болған еді.
Корея парламентіндегі билік партиясы да, оппозиция да бұл оқиғаны «қатігез әрі масқара жағдай» деп бағалады. Елдің ірі газеттерінің бірі тіпті бұл әрекетті «қоян аулаумен» салыстырып, АҚШ билігінің көші-қон саясатын сынға алды.
Президент Ли Чжэ Мён визалық жүйенің жетілмеуі кореялық компаниялардың АҚШ-тағы болашақ жобаларына тікелей әсер ететінін айтты.
Бұл ұзақ уақыттық жұмысшылар емес. Зауыт құрылысында немесе жабдық орнату кезінде бізге техникалық мамандар керек. Ал АҚШ-та мұндай жұмыс күші жоқ әрі біздің азаматтарға арнайы виза берілмейді. Егер мәселе шешілмесе, компанияларымыз Америкада бизнес жүргізу туралы шешімге күмәнмен қарайды, – деді ол.
Ли АҚШ-тағы рейд екі ел арасындағы «мәдени айырмашылықты» да көрсеткенін айтты.
Кореяда біз америкалықтарды туристік виза арқылы келіп, жеке мектептерде ағылшын тілін үйретіп жүргенін жиі көреміз. Бұған аса мән бермейміз. Ал АҚШ, керісінше, заңсыз еңбекке қатаң тыйым салып, мұндай жағдайға агрессивті әдістермен жауап береді. Біздің азаматтар сол саясаттың құрбаны болды, – деді президент.
Визалық жұмыс тобы құрылады
Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Чо Хён АҚШ-қа сапары кезінде америкалық тараппен жаңа визалық санат енгізу бойынша келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді. Келісім аясында екі ел бірлескен жұмыс тобын құрып, кореялық мамандардың өндірістік жобаларға баруын жеңілдететін жолдарды қарастырмақ.
Қазір АҚШ-та 20-дан астам ірі кореялық өндіріс орны салынуда. Оның ішінде аккумулятор зауыттары, Техастағы жартылай өткізгіштер кәсіпорны және Филадельфиядағы кеме жасау жобасы бар.
Сарапшылардың айтуынша, егер визалық саясат жаңартылмаса, кореялық компаниялар өз жұмысшыларын АҚШ-қа жібере алмай, өндіріс қуатын арттыруда кешігуге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде америкалық экономикаға да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Айта кетейік, АҚШ визасына өтініш берушілерге жаңа талап қойылған еді.