Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен онлайн құрбандық шалу пандемия кезінде басталған. Биыл да бұл дәстүр жалғасын табады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мүфтият Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Онлайн құрбан шалғысы келетін адам сайтқа кіріп, өңірін көрсетіп, аты-жөнін жазып, құрбандық малын таңдап, онлайн төлем жасайды. Кейіннен шалынған құрбандықтың есебін де онлайн алады. Сондай-ақ сайтта құрбан етін алғысы келетін мұқтаж жанның да өтінім қалдыруына болады.
Онлайн форматта шалынған құрбандықтың жыл сайын өсімі бар. Онлайн құрбандық шалу толықтай мұқтаж жандарға беріледі. Онлайнмен 2021 жылы 14804 қой, 2022 жылы 31053 қой, 2024 жылы 35929 қой шалынған, - деп ақпарат берді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесіне байланысты баспасөз мәслихатында.
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Шоқанов құрбандыққа қандай малды шалуға болатынын айтты.
Төрт түлік малдан қой, ешкі, сиыр, түйе шалынады. Қой мен ешкінің жасы 1 жылдан асу керек. Сиырдыкі 2 жастан асып, 3 жасқа кету керек. Түйенікі 5 жасқа толып, 6 жасқа өту керек. Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін мал “Бисмиллә, Аллаһу әкбар” деп сойылды ма, болды, құрбандық орындалды, - деді ол.
Сонымен қатар, баспасөз жиынында Бас мүфти құрбандықтың Ислам дініндегі маңызын түсіндіріп өтті:
Қасиетті Құранда “Хаж” сүресінің 37-аятында:
“Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың” делінген.
Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед:
“Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...” деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал құрбан шалу екенін жеткізген.
Бір сахаба ардақты Пайғамбарымыздан құрбан шалудың сауабы жайлы сұрайды. Сонда Алла Елшісі: “Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар”, – деп жауап береді. Сахаба тағы да: “Уа, Алланың Елшісі, шалынған құрбандық мал қой болса, сауабы қандай болады?” деп сұрағанда Пайғамбарымыз: “Оның әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар”, – деп жауап қайырған екен.
Еске салайық, осыған дейін Зул-хижжа басталуы, Арапа күні, Құрбан айт туралы Бас мүфти ақпарат берген болатын.