Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану туралы айтты.
Қазақстанда бақылау-касса машиналары 1995 жылдан бері қолданылып келеді. Қаржы министрлігі салықтық әкімшілікті цифрландыру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Дүниежүзілік банк ұсынысымен 2014 жылдан бері бақылау-касса машиналарынан онлайн режимге көшу жүріп жатыр. Аталған мәліметтер Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесіне онлайн режимде келіп түседі. Бұл механизмді дамыған елдер қолданады. Бүгінде елімізде тіркелген кассалар 535 мың болса, онлайн бақылау-касса машиналары – 505 мың, яғни 94% онлайн режимде жұмыс істейді, - деді вице-министр.
Еңсебаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы салықтық режимді қолданатын салық төлеушілерге кассалық машиналарды пайдалану міндеттелетінін айтты. Қазақстанда патент және бірыңғай жер салығын бүгінде 513 512 адам төлейді. Олардың 338 мыңы – патентшілер, 184 мыңы – қазақстандық шаруалар. Олардың ішінде 76 552 салық төлеуші бақылау-касса машинасын қолданады. Вице-министр жаңа жылға дейін екі ай ішінде осы бағытта үлкен жұмыс істеу қажет екенін атап өтті.
Онлайн бақылау-касса машинасын тіркеу қазір жеңілдетілді. Бұрын Салық комитетіне барып, әртүрлі құжаттарды тапсыруға 5 күн кетсе, қазір бәрі онлайн режимде жүргізіледі. Реестрде барлық талапқа сай келетін 85 онлайн касса моделі тіркелген, - деді Еңсебаев.