Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Онкоскрининг, вакцинация: МӘМС жұмыссыздарды қалай сақтандырады?

4 Тамыз 2025, 07:30
1350
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Келесі жылдан бастап жұмыссыздар үшін МӘМС жүйесінің жарнасы жергілікті бюджет есебінен төленеді. Жуырда Президент тиісті заңға қол қойды. Заң қалай жүзеге асады? Қанша адам қамтылады? Бұл мақсатқа қазынадан қанша қаражат жұмсалады? Осы және өзге де сұрақтарға жауапты BAQ.KZ тілшісі іздеп көрді.

 

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне жаңа тәртіп енгізіледі

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енеді. Бұл бастаманың маңызын Мемлекет басшысының өзі айрықша атап, Заңға қол қойды.

Жаңашылдықтың басты өзегі – ендігі жерде кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен сақтандыру пакетінің арасындағы шекара жойылады. Яғни, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, халыққа аса қажетті бірқатар қызмет түрлері бәріне бірдей қолжетімді болмақ. Олардың қатарында вакцинация, онкологиялық ауруларға скрининг, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар дерттерді емдеу, жедел жәрдем мен паллиативтік көмек, сондай-ақ мейіргерлік күтім де бар.

Бұл – әр азаматтың денсаулығына мемлекет жауапты екенін тағы бір мәрте айғақтаған маңызды қадам. Енді уақытылы тексеріліп, қажет ем-домын алу үшін сақтандыру мәртебесін тексеріп әуре болудың қажеті жоқ. Ең бастысы – әр қазақстандықтың өмірі мен денсаулығы заңмен қорғалған.

 

Биыл өңірлер МӘМС үшін қанша қаржы жұмсайды?

2025 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтер үшін жергілікті бюджеттерден қарастырылатын жалпы шығын сомасы нақтыланды. Бұл көрсеткіш әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға жататын азаматтарға медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған №206-VIII Қазақстан Республикасы Заңы негізінде МӘМС жүйесі мен медициналық қызмет көрсетуге қатысты бірқатар заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Аталған түзетулерге сәйкес, 2026 жылы әлеуметтік әл-ауқат деңгейі дағдарыстық (D) және шұғыл (Е) топтарға жататын, бірақ медициналық көмекті белсенді түрде пайдаланатын азаматтар үшін жергілікті атқарушы органдар төлейтін сақтандыру жарналарының жалпы көлемі еліміз бойынша 32 590 230 мың теңгені құрайды, - деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиева.

Жаңа талаптарға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жарналарының мөлшері есептеу объектісінен 2 пайыз көлемінде белгіленеді. Бұл өзгерістер мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтіп, әлеуметтік әділеттілікті нығайта түсуді көздейді.

 

2026 жылдан бастап МӘМС жарналары өңірлік орташа жалақы негізінде есептеледі

Жергілікті атқарушы органдар төлейтін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарының мөлшері енді өңірлік ерекшелікке сай есептеледі. Заңға енгізілген жаңа тәртіпке сәйкес, есептеу нысаны ретінде әр өңірдегі ағымдағы қаржы жылына дейінгі екі жыл бұрынғы орташа айлық жалақы алынатын болады. Бұл мәліметтерді тиісті уәкілетті мемлекеттік статистика органы бекітеді.

Осыған сәйкес, 2026 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын, атап айтқанда, дағдарыстық (D) және шұғыл (Е) деңгейдегі азаматтар үшін жергілікті бюджеттен төленетін МӘМС жарналары өңірлер бөлінісінде есептеліп отыр. Бұл азаматтар — медициналық көмекті белсенді түрде қажет ететін халықтың әлсіз бөлігі.

Жарна мөлшері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептеу нысанынан 2 пайыз көлемінде белгіленеді. Яғни әр өңірдегі орташа табыс деңгейі бұл төлемнің нақты көлеміне тікелей әсер етеді.

Аймақтар бойынша төленетін жарна сомаларының толық тізімі жақын күндері жария етіледі. Бұл ақпарат өңір әкімдіктері мен әлеуметтік қорғау басқармалары үшін де, халықтың әл-ауқатын бағалауда да маңызды көрсеткіш болады.

 

Қанша адам қамтылады?

МӘМС жүйесі әлеуметтік осал 369 мыңнан астам адамды қамтиды.

2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған №206-VIII Қазақстан Республикасы Заңы аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне бірқатар маңызды толықтырулар енгізілді. Енді бұл жүйе әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық (D) және шұғыл (Е) деңгейде бағаланған азаматтардың барлығын қамтитын болады.

Жаңа тәртіп бойынша, 2026 жылы жергілікті атқарушы органдар медициналық қызметті белсенді тұтынатын осал санаттағы азаматтар үшін жарналарды нақты сандық деректер негізінде төлейтін болады.

Болжам бойынша, бұл қолдау шарасы 369 420 адамды қамтиды. Олар – өмірдің қиын жағдайында қалған, алайда медициналық көмекке аса мұқтаж жандар.

Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік әділеттіліктің айқын көрінісі. Ендігі жерде олардың денсаулығы сақтандыру мәртебесіне тәуелді болмай, тұрақты бақылауда болмақ.

 

Жарна төлеуге арналған қаражат қайдан бағытталады?

Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін МӘМС жүйесіне аударылатын жарналар арнайы көзделген қаржы көздерінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бұл мақсаттағы шығыстар республикалық бюджеттен өңірлерге жалпы сипаттағы трансферттер арқылы бағытталады.

Яғни қаржы өңірлік деңгейде бөлініп, жергілікті атқарушы органдар арқылы игеріледі. Бұл ретте, қаржыландыру «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесіне емес, тікелей мемлекет пен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында болады, - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан.

Қаржының бөліну тәртібі мен нақты бағдарлама коды – мемлекеттік жоспарлау құжаттары мен бюджеттік заңнамаларға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл шара – медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, азаматтардың денсаулығын жүйелі қорғауға бағытталған маңызды қадам.

 

 

МӘМС жарнасы нақты жұмыссыздарға ғана төленеді

Мемлекет тарапынан МӘМС жүйесіне жарна төлеу рәсімі нақты критерийлермен реттеледі. Яғни, жергілікті бюджет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар тек әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық (D) немесе шұғыл (Е) деңгейде деп танылған азаматтарға төленеді.

Алайда бұл қолдау барлық жұмыссызға бірдей емес. Заң талаптарына сәйкес, соңғы үш ай ішінде міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген, яғни ресми түрде жұмыс істемейтін және табыс таппаған тұлғалар ғана осы санатқа енгізіледі.

Бұл – формалды түрде өзін жұмыссыз деп көрсетіп, бірақ нақты табысы бар азаматтарды анықтап, шынайы көмекке мұқтаж жандарды ғана қамту мақсатында жасалған қадам. Аталған шарт ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2025 жылғы 14 шілдедегі №206-VIII Заңның 26-1-бабының 1-тармағы, 2) тармақшасында нақты жазылған.

Осылайша, мемлекет тек расында жұмыссыз әрі әлеуметтік осал азаматтардың денсаулығын қамқорлыққа алуды көздейді.

 

МӘМС: Жаңа тәртіп – көбірек қамқорлық

2024 жылғы 7 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Президент атап өткендей, «қоғамның осал топтарына» жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға жарналар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс.

Бүгінде ел халқының 83 пайызы ғана медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы саналады. Ал 3,3 миллионға жуық азамат МӘМС шеңберінен тыс қалып отыр. Бұл – олардың толыққанды медициналық көмек алу мүмкіндігі шектеулі деген сөз.

Осы олқылықты жою мақсатында жаңа механизмдер енгізілуде. Ендігі жерде дағдарыстық (D) және шұғыл (Е) деңгейдегі әлеуметтік осал азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл жарналар әр өңірдегі орташа айлық жалақы мөлшеріне қарай есептеледі.

 

Мұндай қолдау шарасы қандай нәтижелер береді?

Ең алдымен, 900 мыңға жуық осал азамат медициналық сақтандыру жүйесіне тартылуы мүмкін.

Халыққа дәрігерлік кеңес, диагностика, күрделі операциялар, қымбат емдеу мен медициналық оңалту сынды қызметтерге жол ашылады.

Жұмыссыз, табысы жоқ адамдарға ғана төлем жүргізіледі – соңғы үш айда зейнетақы жарнасы төленбегені тексеріледі. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар төленетін болады. Бұл өңір әкімдіктерін халықты жұмыспен қамту мәселесіне неғұрлым жауапкершілікпен қарауға итермелейді, - дейді қордың ресми өкілі.

Бұдан бөлек, азаматтар үшін маңызды бір жаңалық – МӘМС жүйесінде қатарынан бес жыл жарна төлеген тұлғалар жарна төлеуді уақытша тоқтатса да, алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұрын бұл мерзім үш аймен шектелетін).

Осылайша, қабылданған жаңа ережелер МӘМС жүйесінің қамту аясын 89 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл – әлеуметтік әділеттілікке қарай жасалған нақты әрі пәрменді қадам.

Еске салайық, бұған дейін 1 млн қазақстандыққа МӘМС жүйесі үшін қаржы жергілікті бюджеттен төленетіні айтылды.

Сондай-ақ МӘМС-ке ақша төлемегендер де онкоскринингтен тегін өте алатыны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы