Көкшетау, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясы Орталық аппараты партиялық бақылау қызметі Көкшетау қаласына ресми іс сапары барысында облыс орталығындағы онкологиялық емхананың құрылыс барысымен танысты. Құрылыс нысаны «Құтты мекен» жобасына енген.
Орталық партия аппаратының Партиялық бақылау қызметінің өкілдері Дәурен Бижұманов пен Нұрлан Баймұрзаев құрылыс барысымен танысып, бөлінген қаражаттың нақты жұмсалуын тексерді.
2018 жылы ҚР денсаулық сақтау саласын дамыту «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында құрылысы басталған нысан 2020 жылы аяқталады. Бүгінде ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы Ақмола облысы қатерлі ісік аурулары асқынған республикадағы бес облыстың қатарында. Бүгінгі күні онкодиспансерде қабылдауды 5 маман жүргізеді. Дәрігердің қарауына кіру үшін мұнда кезекті сағаттап күтуге тура келеді. Бұл емделушілерге де, медицина қызметкерлеріне де үлкен ыңғайсыздық туғызып отыр. Сондықтан, қатерлі ісік ауруын анықтайтын скринингтік тексерулер жүргізу үшін қосымша емхана қажет, - деп есептейді көкшетаулық мамандар. Әрі облыстың түпкір-түпкірінен келген науқастар диспансердің тар кабинеттерінде сағатап кезек күтуге мәжбүр.
Онкологиялық аурулардың алдын алу, халықтың емделуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 2018 жылы республикалық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлініп, тәулігіне 150 адамды бір мезетте қабылдауға мүмкіндік беретін емхананың құрылысы Көкшетауда аяқталуға жақын қалды. Емхана 4 қабатты және жаңа медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі деп есеп берді Ақмола облыстық денсаулық басқармасының мамандары.
Партияның орталық аппараты партиялық бақылау қызметі құрылыс нысанына оң бағасын беріп, бұл өз кезегінде скринингтік тексеру арқылы қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Сонымен қатар медицина құрылғылары мен кадр тапшылығын болдырмауға кеңес берді.