Ертіс өңірінің онкологтары халықты скринингтік тексеруден бас тартпауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Себебі скринингтік және кәсіби тексерулерде қатерлі ісік белгілері анықталып, емдеуді ертерек бастауға мүмкіндік туады. Мамандардың айтуынша медицина дамып жатқанына қарамастан, аймақта онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны азаймай тұр.
Облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Әсел Асқарованың айтуынша диспарсерлік есепте 13 мыңнан астам павлодарлық тұр. Олардың қатарындағы мыңнан астам азамат мойын және бастағы қатерлі ісікке шалдыққан.
Бұл ісіктер медицинада «визуалды локациялар» ісігі деп аталады. Аурудың кей белгілерін көзбен көріп, скринингтік тексеру кезінде анықтауға мүмкіндік бар. Олардың қатарында мойын, бас, тіл, төменгі ерін, қалқанша безі обырлары жатады. Емханалардың барлығында қаралу кабинеттері бар. Мақсат – қатерлі ісік белгілерін ерте анықтап, шұғыл түрде диагностика жасау. Бұл, әсіресе, «визуалды локацияларға» қатысты. Қазіргі уақытта бас және мойын обыры барлық онкологиялық аурулардың 7%-ын құрайды, - дейді Әсел Асқарова.
Айта кетейік биыл бастапқы емдеу мекемелерінің 100-ден астам маманы арнайы оқу курстарынан өтті. Дәрігерлер емхана жанындағы қаралым кабинеттерінде науқастарды қабылдай алады.
Мамандардың айтуынша дерт бірінші және екінші деңгейде анықталса, ауруды жеңіп шығуға мүмкіндік бар. Өңірдегі онкологиялық диспансер ем-дом шараларының барлық түрін жүзеге асырады.