Компьютер мен техникаға байланған заманда қатерлі дерттің дендеп тұрғаны баршаны алаңдатыны анық. Онкологияға шалдықпас үшін не істеу керек? Жаңа ғасырда адамзатты қатерлі ісіктен айықтыруға технологияның қауқары жете ме? деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы және өзге де сұрақтарға онколог дәрігер, Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкохирургия бойынша бас кеңесшісі Тасболат Әділханов жауап берген болатын.
– Тасболат Алпысбесұлы, қатерлі дертпен күресте алдыңғы шепте жүрсіз. Қатерлі ісік жыл санап жасарып келе жатқан сияқты... Жалпы, өзіңіз жұмыс істейтін орталықта онкологияны қандай әдіспен емдейсіздер?
- Қазір әлемде онкологияға шалдыққандар бұрынғыға қарағанда көбейген. Онкология ауруларының өзекті мәселеге айналғаны да содан деп ойлаймын. Қатерлі ісіктің орта жасы – 70 жас. Жалпылама алғанда, асқазан, өкпе, тікішек қатерлі ісігі алдыңғы орындарда тұр. Алайда қазір жастардың арасында да көп анықталып отыр. Бүгінде еліміз бойынша әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігі, одан кейін екінші орында жатыр мойны қатерлі ісігі жиі кездеседі. Аталған «жаман» дертке шалдыққан науқасты сырттай сәулелендіру арқылы ғана емес, іштен сәулелендіру арқылы емдеу тәсілі қолданылып жүр. Бұл дегеніміз – арнайы сәуле өткізгіштерді пайдалану арқылы емдеу жүргізуден тұрады. Яғни осы сәуле өткізгішті орнату үшін арнайы провайдер-үстелдер қажет. Бұл басқа мүшелерді зақымдап алмас үшін қажет, әрі аса маңызды. Себебі жатыр мойнының жанында тік ішек пен қуық орналасқан. Сол провайдер-үстелдерді қолдана отырып жасалатын емдеу тәсілдері бар. Мәселен, биыл біздің Ұлттық ғылыми онкология орталығында бес бірдей бірегей ота жасадық. Бұл жоғары технологиялық операцияларға еліміздің жетекші мамандарымен бірге, Ресей мен Грузиядан келген онколог әріптестеріміз қатысты. Тағы бір айта кететін жайт, бірегей оталар астанамыздағы орталықта алпысқа жуық маманның басын қосып, шеберлік сағатының практикалық бөлігіне айналды.
- Қандай оталар жасалды?
- Асқазан, тік ішек, өкпе, ұйқыбезі мен өңештің қатерлі ісігіне шалдыққан 5 науқасқа білікті дәрігерлер операция жасады. Сарапшы ретінде біздің Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары, өңірлерден, Ресей мен Грузиядан арнайы шақырылған дәрігерлер қатысты. Сонымен қатар еліміздің барлық онкологиялық және хирургиялық стационарларынан түрлі бейіндегі онкологтар шақырылды. Бес түрлі жоғары технологиялы бірегей оталардан соң операция үстелінен шыққан пациенттердің жағдайы жақсарды.
- Дегенмен қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың статистикасы көңіл көншітпейді...
- Өкінішке қарай, бүгінгі таңда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім әлем елдерінің ғана емес, Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселеге айналғаны рас. Мәселен елімізде өкпе обырымен сырқаттану екінші орында тұр. Ал колоректалді обыр үшінші орында. Ұйқы безінің обырын емдеудің болжамы да өте қолайсыз болып тұр.
- Оған не себеп?
- Оған ең басты себеп – диагноздың уақытында қойылмауы. Онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностикалаудың жаңа тиімді тәсілдерін қолдану – ел онкологтарының бірінші кезектегі міндеті.
- Астанада медицина қолжетімді екені белгілі. Ал аймақтардағы жағдай қалай?
- Аймақтарда да диагностикалық зерттеу жабдықтары қазіргі уақытта жеткілікті. Елдің түкпір-түкпірінде онкология орталықтары ашылып, жұмыс істеп тұр.
- Жаңағы айтып өткен бірегей оталардың барлығы тегін жасала ма?
- Иә, айта кетерлігі, ешқандай ақысыз. Стационарда ел азаматтарына ғана емес, шетелдіктерге де емделу медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде тегін жүргізіледі. Сонымен қатар орталық алғаш рет колоректалді обыр, өкпе, асқазан обырын емдеудің аз инвазивті әдістерін енгізген. Сондай-ақ ел бойынша панкреатодуоденалді резекция секілді жоғары технологиялық операциялар жасалады.
- Аға буынның кейінгі буынға көңілі толмауы – қалыпты нәрсе. Жалпы, жас дәрігерлерге сенесіз бе?
- Әрине, сенемін. Орталығымызда Америка Құрама Штаттары, Оңтүстік Корея, Жапониядан білім алып келген білікті дәрігерлер, соның ішінде жас мамандар көп жұмыс істейді. Жалпы, аға буын ретінде айтарым, қазіргі жастар өте білімді.
- Онкологияның басты белгілері қандай?
- Аурудың басты белгілері – шаршау, әлсіздік, зәрден қан шығу, кенеттен салмақ жоғалту сынды симптомдар орын алуы мүмкін. Ушығу сатысына өтіп кеткенше уақыт созбай, дәрігерлерден қорықпай, тұрақты түрде дәрігерлік тексерістен өтіп тұруға кеңес беремін.
- Қатерлі дерттің қалай алдын алып, одан қалай сақтануға болады?
- Дәрігер ретінде онкологияның қатерлі екендігін және оның алдын алуға болатындығын ескертуден жалықпаймын. Ауру көбінесе, тіпті 70 пайыз жағдайда адамның күнделікті өмір сүру салтына байланысты. Темекі тарту сынды зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаған абзал. Екіншіден, тамақтану көп нәрсені өзгертеді. Үнемі майлы тамақ, сіңуі ұзақ уақытты алатын ауыр тағамдарды, фаст-фуд жеу, қанты көп, тәтті газды сусындарды ішу де жақсылыққа әкелмейді.
- Дәрігердің жұмыс күні қалай басталады?
- Менің жұмыс күнім де қарапайым адамдардың күн тәртібіне ұқсас. Телефонмен сөйлесу, адамдармен араласу, электрондық поштаға жауап беру, кеңестер жазу және әріптестеріммен проблемаларды талқылаумен жалғасады. Мен жұмыс күнімді таңертең ерте бастағанды жақсы көремін. Мен күн сайын таңғы алты жарымда тұруды әдетке айналдырғанмын. Мен үшін салауатты өмір салты маңызды. Сол үшін менің күнім жаттығудан басталады десем болады. Таңғы асқа да ерекше назар аударамын. Маңызды оқиғаларды жіберіп алмау үшін өмір ағымымен ілесіп, әрі күнделікті жұмысыма да уақытымды бөлемін. Күн сайын жоспар жасап, сол жоспарланған істердің бәрін жасай отырып, мен өмірден ләззат аламын және өзімді керемет сезінемін.
- Әңгімеңізге рахмет!