Онкогематолог: Анемия - қан обырының белгісі болуы мүмкін

2 Қазан 2023, 15:05
1501
Бөлісу:
Онкогематолог: Анемия - қан обырының белгісі болуы мүмкін
Фото: : Ұлттық ғылыми онкология орталығы

Бүгін – Халықаралық дәрігер күні. Айтулы күнге орай ең ардақты мамандық иесі, отандық онкология ғылымының дамуына үлес қосып жүрген, елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы №2 онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі, гематолог дәрігер Айзат Сүлейменовамен сұхбаттасқан болатынбыз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

- Айзат Серікханқызы, мерекеңіз құтты болсын! Медицинаның екі дербес саласы – онкология мен гематологияның тізгінін қатар ұстап келесіз. Елімізде аурудың анықталу деңгейі туралы не айтасыз?

- Рахмет! Шын мәнінде, адамның қан обырына дертке шалдыққаны бірден байқала бермейді. Көбінесе анемиясын емдетуге келген пациенттерден анықталып жатады. Белгілі бір биохимиялық зерттеулер кезінде гемолиздің белгілері – эритроциттердің бұзылғанын көреміз. Бұл белгілі бір биохимиялық көрсеткіштер – лактатдегидрогеназа, билирубин деңгейі. Мұндай өзгерістерді көрсек, пациентті иммунофенотиптеу деп аталатын арнайы талдау тапсыруға жібереміз. Қазақстанда мұндай талдауды Республикалық диагностикалық орталықта ғана жасайды. Осы талдаудың көмегімен диагноздың бар-жоғын нақтылаймыз.

- Өзіңіз басқарып отырған бөлімше қандай ауруларды емдейді?

- Біздің жұмысымыз көбінесе аплазиялық анемия, пароксизмалы түнгі гемоглобинурия, миелодисплазиялық синдром сынды ауруларға шалдыққан науқастарды диагностикалау мен емдеуге бағытталған. Диагностикалап, емдеп қана қоймай, біз науқастарды дің жасушасын трансплантациялауға дайындаймыз, мұндай ота жасалған соң қадағалауға аламыз. Бөлімше мамандары сүйек кемігі жеткіліксіздігімен сипатталатын ауруларды емдеуді басты бағыт етіп ұстанады. Бұл аурулар онкологиялық емес, бірақ ағымы бойынша барынша ауыр. Одан бөлек, пациенттер бөлімшемізге жіті және созылмалы лейкозбен түседі, сонымен қоса лимфопролиферативті ауруларды да емдейміз. Дәрігерлер операция жасауды қажет ететін патологиясы бар пациентке ота да жасайды. Олардың арасында сүйек кемігі пункциясы, люмбалды пункция, яғни жұлын сұйықтығын зерттеу бар. Қарқынды жоғары дозалы химиятерапия курсын да жасаймыз. Бұл процедуралар еліміздің бүкіл өңірінде жасала бермейді.

- Сүйек кемігін трансплантациялауға қатысты кеңірек тоқталсаңыз...

- Шын мәнінде, орталығымыз Қазақстандағы сүйек кемігі трансплантациясымен айналысатын жалғыз орталық. Нақтылай кетейін, трансплантация тікелей жасалмайды, пациенттерді соған дайындай: толықтай тексерістен өткізіп, науқастың туыстарын донорлыққа жарай ма, жоқ па, соны анықтаймыз. Бөлімшеде пациент трансплантацияға дейін және одан кейін толықтай бақыланады.

- Пароксизмалы түнгі гемоглобинурия туралы айтар болсақ, бұл да сирек кездесетін дерт екен...

- Иә, шын мәнінде бұл ауру – өте сирек кездеседі. Оның үстіне, орфандық, бұл дегеніміз – аз зерттелген дерттердің қатарына жатады. Аурудың сипаты тек онкологиялық қана емес, тұрақты гемолизбен – сүйек кемігіндегі эритроцитеттердің бұзылуымен сипатталатын ауыр ағымға ие. Пароксизмалы түнгі гемоглобинурия созылмалы анемия, кей жағдайларда бүйректің зақымдалуымен көрініс табуы мүмкін. Одан басқа, осы ауру анықталған жағдайда тромбоздық асқынудың жоғары қаупі бар. Тромбоздың болуы бұл патологияда өмірге өте қауіпті.

Оны емдеудің тағы бір жолы – сүйек кемігін трансплантациялау. Ол науқас трансфузиялық тәуелді болған кезде жүргізіледі. Пациентке ауру асқынса, қан ауыстыру талап етіледі. Осы орайда ескеретін жайт – толықтай сәйкес келетін донордың болуы. Сүйек кемігін трансплантациялау экулизумаб препаратымен қамтылмаған елдерде қарастырылуы мүмкін. Бүгінгі таңда біздің елде небәрі 10-15 пациент қана осы препаратқа қол жеткізіп отыр.

- Орта есеппен алсақ, бұл патологияға шалдыққан қанша адамды орталықтарыңызда емдейсіз?

- Әдеттегі пароксизмалы түнгі гемоглобинуриямен жылына 5 науқасқа дейін емделуге келеді. Оның барлығы бірдей белсенді емді қажет етпеуі мүмкін: кейбірін бақылауға ғана аламыз. Енді біріне белсенді ем тағайындаймыз. Ем қабылдаған соң пациенттердің бес жылдық өмір сүруі препаратпен қаншалықты қамтылғанына тікелей байланысты. Егер пациенттің тұрақты түрде экулизумабты қабылдауға мүмкіндігі болса, бұл көрсеткіш жаман емес.

- Гематологтар қай саланың мамандарымен тығыз жұмыс істейді?

- Көбінесе пациенттерімізде инфекциялық асқынулар пайда болады. Мәселен, оның ішінде, пневмония өршуі мүмкін. Сондықтан пульмонолог, реаниматолог, клиникалық фармакологтармен бірігіп жұмыс істейміз. Одан бөлек, хирургтермен де тығыз қарым-қатынастамыз. Себебі хирургиялық сипаттағы асқыну жағдайлары болады. Кейде тік ішек пен перианалді аймаққа операция жасау қажет болуы ықтимал. Одан бөлек, пациенттерде тромбоз болатындықтан қан тамырлар хирургтерімен де байланыстамыз.

- Инфекциялық асқынулар көп кездеседі дедіңіз. Инфекционистерді де шақырасыздар ма?

- Жоқ, оларды шақырмаймыз. Өйткені кез келген білікті гематолог инфекциялық асқынулары бар пациенттерді емдеуде білікті маман болып саналады. Себебі инфекциялық процесс гематологиялық ауруы бар науқастарда өзгеше әрі ауыр ағыммен сипатталады.

- Шетелдік әріптестеріңіздің тәжірибесін меңгеретін боларсыздар...

- Әрине. Біздің саламыз – гематология – күн сайын дамып келеді, үш-төрт жыл бұрын қолданылған емдеу тәсілі бүгінгі таңда өзекті болмауы мүмкін. Міндетті түрде халықаралық конференция, вебинарлар, конгрестерге қатысып тұрамыз. Шетеодік емханалардың емдеу тәсілі жаңа препараттарды енгізу, сүйек кемігін трансплантациялау тұрғысында өте маңызды.

Айта кететін болсам, өзім де биыл Түркияның Ыстанбұл қаласындағы әйгілі Аджыбадем емханасына барып, бірнеше ай тағылымдамадан өтіп келдім.

- Ал отандық емханалармен байланыстарыңыз қалай?

- Өңірлермен үнемі байланыстамыз. Облыстағы мамандар бізден консультациялар, кеңестер, нұсқаулықтар алып отырады. Мысалы, қандай да бір өңірден дәрігер науқастың ауру тарихын жіберуі мүмкін. Оны емдеу тәсілін ұсынып, қажет болса, пациентті өз орталығымызға емдеуге шақырамыз.

- Дәрігер ретінде қан ауруларының алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

- Гематологиялық аурулардың нақты себебі әлі анықталмаған. Осы аурудың дамуына алып келетін қандай да бір факторлардың бары анық. Бұл – химиялық заттардың әсері, радиация, сондай-ақ қатты стресс болуы мүмкін. Гематолог ретінде жарты жылда бір рет лейкоциттік формула мен тромбоцитті тексеруге жалпы қан талдауын тапсырып тұруды ұсынамын. Бұл гематологиялық аурудың бар-жоғын айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тегін өткізілетін скринингтерден де қалмағандарыңыз дұрыс.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы