Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
Мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленеді. Өңірлердегі педагогтердің тапшылығы мен білім беру саласындағы үлкен алшақтық байқалатын өңірлерге талдау жүргізілді. Бұл өңірлерге ЖОО тәмамдаған ең үздік педагогтер тартылады. Осы мұғалімдерге арнайы әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Оның ішінде: жалақы мөлшерлемесін белгілеу, тұратын үйінің төлемі мен коммуналдық төлемін өтеу сынды ынталандыру шаралары қарастырылып жатыр, - деді ол.
Аймағамбетов беделді шетелдік университеттердің филиаларын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазір елде De Montfort Leicester ұлыбританиялық университеттің филиалы жұмыс істеп жатыр. Халықаралық үлгідегі диплом береді. СҚО мемлекеттік университеті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қарастырылуда. Қазір Аризона университетімен бірге меморандум жасадық. Батыс өңірде шетелдік екі техникалық университеттің филиалы ашылады. Техникалық бағыт бойынша Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз, - деді министр.
Айта кетейік, осыған дейін министр тәртіпсіздіктерде қаза тапқан әсерилердің балалары университетте тегін оқитынын айтқан еді.