Өңірлерде сақау жарнамамен күрес қалай жүргізілуде?

3 Маусым 2021, 22:04
2772
Бөлісу:
Өңірлерде сақау жарнамамен күрес қалай жүргізілуде?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сақау жарнама, сауатсыз аударма. Өңірлерде осы дертпен күрес қалай жүргізілуде?  

2020 жылы облыстық тіл басқармалары 3594 рейд жұмыстарын жүргізіп, ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 21-бабында көрсетілген талаптарға сай келмейтін 19092 объектіні анықталды. Аталған бағытта жүргізілген әдістемелік сипаттағы түсіндіру жұмыстарынан кейін олардың 11209-ы түзетілген. Қалғандары көрнекіліктерін мүлде алып тастаған.    

Рейдпен қамтылған мекемелердің басым көпшілігі сауда үйлері, дәмханалар мен мейрамханалар, сұлулық салондары, қонақ үйлер, нотариус, ломбард, дәріханалар, қоғамдық көлік және т.б. екенін атап өткен жөн.    

Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының жергілікті атқарушы органдары «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен жарнама тілінің сауаттылығы бағытында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум жасады.    

Нұр-Сұлтан қаласында «Тілге қолдау» кеңесші жұмыс тобы әрекет етеді. Ерікті, белсенді азаматтардан құралған осы тәрізді топтар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында да тіліміздің сауаттылығын арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлады Тіл саясаты комитетінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысында ұйымдастырылып жүрген «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» атты әлеуметтік жобасы оң нәтиже көрсетуде. Былтырғы жылы бұл жобамен облыс орталығы ғана қамтылса, биыл еліміздің экономикалық тіректерінің бірі Теміртау қаласы да қосылған.    

Алматы қалалық «Алматы» телеарнасы арқылы «Тіл қорғаны» бағдарламасы көрсетілуде. Телеарна қызметкерлері тіл жанашырларымен бірлесіп сауатсыз жарнамаға қарсы күресетін осындай бағдарламаны барлық өңірлерде ашса оң септігін тигізер еді.    

Өңірлер ұсынған ақпараттарға сүйенсек еліміздегі жарнама өнімдерін шығарушы жарнама агенттіктерінің саны 1331. Тіл басқармалары бұлардың 61%-ін, яғни 817-ін қамти отырып түсіндіру бағытындағы шаралар ұйымдастырды. Бұл шаралармен қамтылған адам саны 18 мыңға жуық.

Одан өзге жеке тұлғалар, кәсіпкерлер тіл басқармаларының жедел желі қызметіне хабарласып көмек алуда. Мәселен 2020 жылы жедел желіге 8066 қоңырау келіп түскен.    

Өңірлік тіл басқармаларына, жергілікті әкімдіктерге (тіл, сәулет және қала құрылысы бөлімдері) жүгініп, жарнама мәтіндерін заңға сәйкестендіріп алатын кәсіпкерлер 2020 жылы 18603 жарнама үлгісін ресми бекіткен. Бұл көптеген жылдар бойы жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз әріптестік орнатқан, тіл заңының талаптарын жетік білетін азаматтар.     

Бүгінгі күні сауатсыз жарнамамен күреске тек жергілікті мемлекеттік органдар ғана емес, тілге жанашыр азаматтарымыз да білек сыбана кірісіп кеткен.

Азаматтық позициясы белсенді азаматтарымыздан келіп түскен хабарламалардың негізінде еліміздің көшелері сауаттанып келеді.

Көшелеріміз сақау жарнамадан арылсын десеңіз Сіз де белсенділік танытыңыз. Тіл туралы заңның талаптарына сәйкес келмейтін жарнама мен көрнекі ақпаратты көзіңіз шалса, фейсбук немесе инстаграмм желісіне #сауатсызжарнама хештегімен орналастырыңыз. Суретпен қоса нысан орналасқан мекенжайды көрсетуге ұмытпаңыз. Сауатсыз жарнамаға қарсы бірге күресейік!, - деп хабарлады Тіл саясаты комитетінің баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы