Өңірлер ваучерлік қаржыландыруды енгізу тәжірибесі игеріліп жатыр

Бүгiн, 18:14
150
Бөлісу:
Өңірлер ваучерлік қаржыландыруды енгізу тәжірибесі игеріліп жатыр
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыруды енгізу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл үдерістің маңызды кезеңі – өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу. Астанада өткен кездесуде елордалық Білім басқармасы мен Қаржылық орталық өкілдері Абай және Павлодар облыстарынан келген әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісті.

2025 жылдың басынан бастап Астана толықтай ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшті. Жаңа жүйеге 600-ден астам балабақша қатысып, берілген ваучерлер саны 18,9 мыңға жетті. Бұл механизм мектепке дейінгі ұйымдар арасында мемлекеттік тапсырысты ашық әрі тиімді бөлуге бағытталған.

Өңірлер ваучерлік қаржыландыруды енгізу тәжірибесі игеріліп жатыр

Кездесу барысында ваучерлік қаржыландырудың негізгі бағыттары, оның білім беру жүйесіне тигізетін оң әсері және ата-аналар мен мектепке дейінгі ұйымдар үшін тиімді тұстары талқыланды. Делегация өкілдері жаңа жүйеге көшуге қатысты туындаған сауалдарына жауап алды.

Жаңа жүйенің негізгі артықшылықтары:

• балабақшалар арасында дұрыс бәсекелестікті қалыптастыру арқылы қызметтер сапасын арттыру;

• ата-аналардың білім беру мекемесін таңдау еркіндігі;

• қаржыландыру және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы.

Ваучерлік қаржыландыру Астанадан өзге Тараз, Түркістан, Орал және Шымкент қалаларында да сәтті енгізілді. Жаңа жүйенің арқасында Түркістан, Орал және Тараз қалаларында 2 жастан асқан балалардың кезегі толығымен қанағаттандырылды.

Алдағы уақытта өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу жалғасады. Бұл еліміздің барлық өңірлеріне ваучерлік қаржыландыруды тиімді енгізу үдерісін жеделдетуге және мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңа бастамаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттырады.

Өзгелердің жаңалығы