Өңір бойынша қандай маманға сұраныс көп, 2 млн теңге жалақы алатын кім?

23 Маусым 2022, 10:25
2095
Бөлісу:
Өңір бойынша қандай маманға сұраныс көп, 2 млн теңге жалақы алатын кім?

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ. Мамырда Электрондық еңбек биржасында 82,4 мың бос жұмыс орны және 45,7 мың түйіндеме орналастырылды. 

Өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 9,8%-ға, ал өзекті түйіндемелер саны 23,2% - ға төмендеді.

Бос орындардың басым бөлігін білім беру (6,7 мың бос орын), ауыл шаруашылығы (4,4 мың), өзге де қызметтер (3,8 мың) және денсаулық сақтау (2,8 мың) секторларының кәсіпорындары орналастырды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы бос орындардың үштен бірі Жамбыл облысына тиесілі, – деп хабарлады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» Cтратегия департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенова.

Соңғы айдың қорытындысы бойынша еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың құрылымы орташа білікті мамандарға жоғары сұранысты көрсетті, яғни сұраныс (50,8%) ұсыныстан (35,5%) 1,4 есе асып түсті. Алайда, ағымдағы жылдың басынан бері байқалған еңбек нарығының қажеттіліктері мен біліктілігі төмен кадрлардың болуы арасындағы теңгерімсіздік күшейді – біліктілігі төмен еңбекке ізденушілер орналастырылған бос жұмыс орындарына (40,2%) қарағанда 1,5 есе көп (28,4%). Айта кету керек, жоғары білікті мамандар тарапынан еңбек ұсынысы (24,3%) сұранысқа сәйкес келеді (20,9%).  

Мамыр айында жүргізушілер (3,9 мың бос орын) және күзетшілер (1,9 мың бос орын) ең көп сұранысқа ие болды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне, атап айтқанда дәрігерлерге (2,5 мың бос жұмыс орны және 857 түйіндеме), орта медицина қызметкерлеріне (1,9 мың бос жұмыс орны және 774 түйіндеме) және санитарларға (1 мың бос жұмыс орны және 327 түйіндеме) деген үлкен қажеттілікті атап өту қажет, – деп хабарлады Ұлпан Шегенова.

Өткен айда бос жұмыс орындарының саны төрт өңірде төрттен бірге азайды: Түркістан (-26,5%), Маңғыстау (-24,2%), Қызылорда (-23,7%) және Павлодар (-22,9%) облыстары.

Егер орналастырылған бос жұмыс орындарының саны бойынша өңірлерді бағалайтын болсақ, жұмыс берушілердің ең жоғары белсенділігі Нұр-Сұлтан (10,2%), Алматы (9,4%) қалаларында және Қарағанды облысында (10,5%) тіркелгенін атап өтуге болады. Қарастырылған аймақтарда ең көп сұранысқа ие қызметкерлерге біліктілігі төмен және біліктілігі орташа мамандар жатады. Сонымен қатар, үлкен қалаларда мамандықтарға деген сұраныс бірдей. Мысалы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында асханалық жұмысшылар, күзетшілер, сатушы-консультанттар мен кассирлер, мейірбикелер/мейіргерлер, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері және аспаздар үшін бос орындардың ең көп саны орналастырылған.

Бұл ретте талданып отырған кезеңде іс жүзінде барлық өңірлерде ізденушілер арасында белсенділік төмендеді, ең жоғары құлдырау Шымкент қаласында (-39%), Түркістан облысында (-36%), Батыс Қазақстан облысында (-33,6%) және Шығыс Қазақстан облысында (-32,5%) болды. Ең белсенді ізденушілер Түркістан (түйіндеменің жалпы санының 12,6%) және Алматы (11,5%) облыстарында байқалады.

Гендерлік бөліністе ерлер (49%) және әйелдер (51%) іс жүзінде еңбек нарығында тең дәрежеде ұсынылған.

Айта кету керек, мамыр айында дыбыс режиссерлері, ЖОО профессорлары – 2 млн теңге, дирижерлер – 1 млн теңге, инженер-конструкторлар мен техникалық директорлар – 840 мың теңге көлемінде ең жоғары жалақыға үміткер болды. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы жалақысы жоғары мамандықтарға мемлекеттік қызметшілердің кейбір санаттары, жөндеу учаскелерінің шеберлері, құрылыс учаскелерінің бастықтары, жылжымайтын мүлік агенттері, сатып алу және сату менеджерлері, бас құрылысшылар, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер, экономистер жатады. Өңірлер бөлінісінде ең жоғары жалақы Нұр-Сұлтан қаласында ұсынылады (орта есеппен – 900 мың теңге), Батыс Қазақстан (900 мың теңге) және Маңғыстау (800 мың теңге) облыстарында жүзеге асырылады.

Осылайша, өткен айдың қорытындысы бойынша жұмыс берушілер арасында да, жұмыс іздеушілер тарапынан да экономикалық белсенділіктің төмендеуі байқалады. Бірақ еңбек нарығында күзетшілер, жұмысшылар, жүргізушілер және медицина қызметкерлері әлі де жоғары сұранысқа ие.

Өзгелердің жаңалығы