Қазақстанда өнеркәсіптік өндірістің индексі 2024 жылғы қаңтар-маусымда 102,8% құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, осы кезеңде 23 495,4 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, оның ішінде кен өндіру саласында – 10 744,3 млрд теңгеге (жалпы көлемнен 45,7%), өңдеу саласында – 10967,4 млрд. теңгеге (46,7%).
Өндірістің өсуі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 0,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,1%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда 6,1% байқалды.
Өңірлер арасында едәуір өсу Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында белгіленді.
Табиғи газ шығару (103,8%), металл кендерін (105,8%) өндіру салаларының және тау-кен өнеркәсібі қызметтерінің (108,4%) артуына байланысты 2024 жылғы қаңтар-маусымда тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өнеркәсіп өндірісінің индексі 100,3% құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде индекс 105,1% құрады. Өсім химия өнеркәсібі – 5,3%, негізгі фармацевтика өнімдері мен фармацевтикалық препараттар – 14,8%, металлургия – 8,3%, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру – 30,3%, машина жасау – 9,4%, өзге де дайын бұйымдарды (1,8 есе) өндіру есебінен болды.
Өндіріс көлемінің өсуі республиканың 15 өңірінде тіркелді, төмендеу Атырау, Жамбыл, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында белгіленді.