Өңдеуші сала қарқын ала бастады - Атамқұлов

26 Ақпан 2021, 10:47
2803
Бөлісу:
Өңдеуші сала қарқын ала бастады - Атамқұлов

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өнеркәсіп саласындағы жетістіктер туралы айтты.

Өздеріңіз білетіндей, өнеркәсіп саласы біздің еліміздің экономика құрылымының төртінші бөлігін (27,1%) құрайды. Ал өнеркәсіптің ішінде өңдеуші сала жартысына жуығын алып, 2020 жылы соңғы жиырма жылда алғаш рет ең жоғары көрсеткіш - 48,7%-ға (2001 жылы 46,2% болған) жетті.

Өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 2020 жылы 12,7%-ды құрады. Индустрияландыру жылдарында енгізілген жаңа кәсіпорындар өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемінің өсуіне ықпал етті, - дейді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, индустрияландыру картасы аясында 2010-2020 жылдары шамамен 9,1 трлн теңге сомаға 1527 жоба және 212 мың жұмыс орны құрылған.

Кәсіпорындар былтыр 13 трлн теңгенің өнімін өндірді, бұл индустрияландыру басталғанға дейінгіден 4,4 есе көп (2009 жылы 2,9 трлн). Индустрияландыру басталғаннан бері (2010-2020 жж.) барлығы 84,5 трлн теңгеге өнім өндірілді. Осы жылдар ішінде өңдеуші сектор кәсіпорындарынан түсетін салықтар жиынтығы 9 трлн теңгеден асып, 3 есеге өсті (1 027 млрд теңгеге, 2009 жылғы 450 млрд теңгеден 2019 жылғы 1 477 млрд теңгеге дейін), - дейді министр.

Ведомство басшысы бүгінгі таңда өңдеуші өнеркәсіптен түсетін салықтар индустрияландыру саясатын іске асыруға жұмсалған шығындардан 6,6 есе көп  (1,4 трлн теңге 2010-2019 жж.) деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы