Омикрон. Пандемия аяқталуы мүмкін

5 Желтоқсан 2021, 19:52
1688
Бөлісу:
Омикрон. Пандемия аяқталуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Омикрон әлемнің 40 елінде тіркелді. Коронавирустың жаңа штамдарын жұқтыру оқиғалары Азия мен Еуропа елдерінде көп. АҚШ-та мутация 10-нан астам штатқа тарап үлгірген. 

Ресейлік мамандар омикрон штамының пайда болуымен пандемия аяқталуы мүмкін дейді. Айтуларынша, мутация басқаларын ығыстырып, КОВИД-19 тұмау секілді маусымдық инфекцияға айналуы тиіс. 

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қандай да бір мәлімдемелер жасауға асықпауға шақырады. Омикрон анықталған елдердің тізімі күн санап артып бара жатқанына қарамастан әлемде әлі күнге дейін дельта басым штамм болып отыр. Соның салдарынан мәселен, Еуропада осымен 2 ай қатарынан ауру деңгейі артып барады. Бірақ француз сарапшылары алдағы 1-2 айда бұл мутация елде басым штамға айналуы мүмкін екенін ескерткен. Өйткені алдын ала мәлімет бойынша омикрон да дельта сияқты тез жұғады. Десе де, әлі күнге дейін одан ешкім көз жұмған жоқ.   

Біз омикронды жұқтыру деректері әсіресе Африканың оңтүстігіндегі елдерде артып бара жатқанын көріп отырмыз. Демек, ол тез тарайды деген болжам рас болуы мүмкін. Бірақ әлемде қазір дельта штамы басып болып тұр. Екі мутацияның қатар тез тарауы кезінде жағдай қандай болатынын бақылауымыз керек. Қазір тиісті зерттеулер жүріп жатыр. Алайда қандай да бір нәтиже жасауға әлі ерте. Бізге бірнеше күн керек. Алғашында омикрон жеңіл формада өтеді деген болжамдар айтылды. Өйткені басында вирусты негізінен студенттер жұқтырған. Яғни көбі жастар. Ал оларда індет әдетте жеңіл формада өтетінін жақсы білеміз. Бірақ бізге ауыр формадағы оқиғалар туралы ақпарат та келіп түсіп жатыр - дейді ДДСҰ COVID-19 жөніндегі техникалық жетекшісі Мария Ван Керкхове.

Омикронға қатысты сұрақ көп. Көбін әсіресе вакциналардың тиімділігіне қатысты мәселе алаңдатып отыр. 

АҚШ-тың Модерна фармацевтикалық компаниясының басшысы қолда бар препараттар омикронға қарсы төтеп бере алмаса, вирустың нақты бір түріне қарсы бағыттаған екпенің болғаны дұрыс дейді. 

Сондықтан жаңа мутацияға қарсы бустерлік вакцина 2022 жылдың наурызында пайда болуы мүмкін екенін айтады. Ал Пфайзер және Байонтек компаниялары коронавирусқа қарсы дәрісін жаңа штамға қатысты бейімдейтіндерін жеткізді. Жетілдірілген препарат 100 күн ішінде дайын болуы тиіс. Мамандар қалай болғанда да індеттен қорғану үшін қайта вакциналау қажет екенін айтады. 

Екпенің үшінші дозасын салдыру коронавирустың барлық штамдарына қарсы антиденелердің санын арттырады. Бустерлік доза індеттің ауыр формада өтуінен қорғайтынын білеміз. Омикронға қатысты да осылай болуы мүмкін деген болжам бар - дейді,  АҚШ-тың бас инфекционист дәрігері Энтони Фаучи. 

Вакцина өндірушілерінің зерттеу нәтижелері дайын болғанша түрлі елдердің басшылары індеттен қорғану үшін шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Мәселен, Бельгияда енді жасы 6-дан асқан оқушылар маска тағуға міндеттеледі. 

Нидерландта тамақтану орындары, көңіл көтеру мекемелері мен тауар сататын дүкендердің жұмыс уақыты шектелді. 

Грекияда қауіптің күшеюіне байланысты тіптен екпенің екінші компонентін алғаннан кейінгі қайта вакциналау уақыты өзгерді. Енді препаратты жарты жылдан кейін емес, 3 айдан соң салдыруға рұқсат.

Ондаған мемлекет Африканың оңтүстігіндегі елдермен әуе қатынасын уақытша тоқтатты. 

Израиль барлық шетелдіктер үшін шекарасын жапты. 

Марокко халықаралық рейстерді қабылдамайды және ұшақтарына сыртқа ұшуға рұқсат бермейді. 

АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Кувейт билігі Африканың оңтүстігіндегі елдерден келетін шетелдіктердің кіруіне тыйым салды. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері штамнан шошып, шекараны жабудың қажеті жоқ дейді. Жүріс-тұрысты шектегеннен гөрі, жолаушыларды мұқият тексеруге мән берген жөн деген пікір айтылып отыр.

Өзгелердің жаңалығы