Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Омбы қаласындағы А.С.Пушкин атындағы кітапханада « Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапхана хабарлады.
Енді А.С.Пушкин атындағы кітапхана оқырмандары қазақ халқының салт-дәстүрімен, жазуымен және мәдениетімен жақынырақ таныса алады. Бұл - Қазақстанның жетістіктері, экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы табыстары туралы әдебиет арқылы баяндаудың тамаша мүмкіндігі. Орталықта тарихи, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеттер тақырыбындағы кітаптар ұсынылды.
Кездесу барысында Қазақстан және Ресей кітапханалары арасында өзара мәдени және кітапханалық ынтымақтастық, халықаралық кітап алмасу мен цифрлық, электрондық өзара іс-қимыл мәселелері жөнінде меморандумға қол қойылды.
Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің және Ресейдегі елшіліктің қолдауымен ашылды.
Орталықта ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Ұлы Абайдың, қазақ ақын жазушыларының Ілияс Жансүгіровтың, Әбіш Кекілбайұлының, Мырзатай Жолдасбековтың, Олжас Сүлейменовтың, Сәуле Досжанның және т.б. қазақ авторларының кітаптары қойылды.
Шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан тарихын, мәдениеті мен әдебиетін насихаттау мақсатында Ресей мемлекетінде өтіп жатқан «Бейбітшілік және естелік жолымен» атты халықаралық экспедиция мүшелерінің, зиялы қауым өкілдерінің және кітапханашылардың қатысуымен өткізілді. Делегация құрамында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ү.Мұңалбаева, Ресей Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Н.Иванов, РФ Жазушылар одағының мүшесі Г.Пряхин, ҚР Жазушылар одағының мүшелері Б.Әлімжанов, М. Қарт, ЕҰУ профессоры С.Құттықадам және басқа да екі елдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айта кетейік, елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана 2016 жылдан бері шет елдерде еліміздің әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын ашу бойынша халықаралық жобаны іске асырып келеді.