Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту

26 Тамыз 2022, 14:00
3367
Бөлісу:
Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылының тұрғыны омарташы Қайырғали Жарқынбаев осыдан төрт жыл бұрын ара шаруашылығын бастап кеткен болатын. Ал былтыр мемлекеттен «Бастау бизнес» арқылы грант ұтып алып, өз кәсібін дамыта түсті, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Ел арасында өзінің адал кәсібімен күнелтіп, шаруашылығын өрге дөңгелетіп жүрген қарапайым жандар аз емес. Олардың мақтан мен дау қууға, өзгелерге бірнәрсе дәлелдеуге уақыты жоқ. Себебі, оны күн сайын күтіп отырған сүйікті кәсібі бар. Бүгінде Қайырғали Зәкірұлы омарташы болудың қыр-сырын меңгеріп, жергілікті халықты және Сарыағаш, Шымкент, Алматы қалаларын балмен қамтамасыз етіп отыр. 

Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту

Ара төрт түлік сияқты мал емес жәндік болғандықтан оның күтімі де ерекше кірпияз болатыны анық. Омарташы Қайырғалидың аралары қандай түрге жатады? Оның көмекшілері бар ма? Оңтүстік жақтың балы несімен ерекшеленеді? Осы және өзге де қызықтарды омарташы Жарқынбаевтың өзінен сұрастырып білдік.   

  

Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту

Менде қазір жұмысшылар жоқ, себебі араларым аз. Көбейгеннен кейін жұмысшы алуым мүмкін. Бәрін өзім істеп үлгеріп жатырмын. Жалпы, араға қызығушылығым өз ағам Елубайдан басталды, алғашқы араларымды да осы ағамнан сатып алғанмын. Арадан түсетін табыс жаман емес, бұл да бір кәсіп. Мендегі аралар карпат және карниктің екі түріне жатады, – дейді омарташы.

Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту

Жалпы, омарташылар қандай балдың аса бағалы болып келетінін біледі. Мәселен, балдың атасы әлем бойынша жантақ жеген аралардың балы деп есептелінеді. Ал жантақтың отаны оңтүстіктің құмды да шөлейтті аймақтары екені белгілі. Осы жантақ балын жинау үшін омарташы Қайырғали мамыр айынан бастап күзге дейін бал араларының ұясын алып кетеді. Себебі жантақтың балы аллергия тудырмайды, қантты жоғарылатпайды, адам бойындағы улы заттар мен ауыр металдарды кетіреді, организмдегі зат алмасуды қалыпқа келтіреді. 

Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту

Жұрттың көбіне солтүстік пен Алтай жақтың балы таныс. Біздің оңтүстіктің балына енді өтіп жатыр. Бізде де балдың түрлері көп. Мендегі аралар шеңгел, қарбыз шөп, қурай, жантақпен қоректенеді, себебі қурай мен жантақтың балы күшті болады, денсаулыққа пайдалы. Араларды алып құмда өсетін жантақ, шеңгел, қурайға, мақталы алқапқа алып барамыз. Қандай өсімдік өсіп гүлдеді, қоректене береді, қолдан шекер бермейміз. Бір жәшікте шамамен 1800-2200 ара болады, аралар ауысып отыра береді, – дейді ол.

Қайырғалидың айтуынша, араларды қыс мезгілінде бір ұяға жинақтап, қысқартады. 

Қыста бұл араларды қысқартамыз. Ең кем дегенде бір жәшікке 15 келі бал қойып, қысқы демалысқа жібереміз, сонымен көктемге шығады, – деді Қайырғали Жарқынбаев.

2021 жылы «Бизнес бастау» жобасы алдымен кәсіпкерлік негізін оқып білім алған Қайырғали мамыр айында грантқа ие болып, омартаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады.

Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту

Ендігі мақсатым – осы араны көбейтіп, 500 омартаға дейін жеткізсем деп отырмын, қазір 50 шақты омартам бар. Ара шақпас үшін арнайы киімі бар, сосын түтетіп отырамыз. Ара шақпайды екен деуге болмайды, шағады. Омартаның оқуын оқымағанмын, тәжірибе арқылы көзбен көріп, құлақпен естіп, ағамның жанында жүріп үйрендім. Адам бір іске қызықса қалайда үйреніп алады, – деді омарташы Жарқынбаев.

Араларға да ерекше күтім керек. Ал ол қалай жасалынады деген сұрағымыз да жауапсыз қалмады. Аралар да жас бала сияқты деді ол.  

24 сағаттың ішінде карпат арасы 1800-дей туса, карника 2000-дай туады. Балды 30 күнде бір рет аламыз. Кәсібімді көктемде бастаймын. Жас балаға қалай қарасақ, бұларға да солай қараймыз. Аралардың бала-шағасын жәшік ішінде 36 градуста жылытып ұстап отыру керек. Аралар да көп ауырады, соларды емдейміз. Қырмен қыр ауыстырып отырамыз. Мәселен, Келестен шығып Шардараға дейін барамын, үйге қараша айында бірақ қайтамын. Әр ұяда аналық басшылық етеді, – деді ол.

Омарташы Жарқынбаев: Мақсатым – омартамды 500-ге дейін көбейту

Омарташы Қайырғали жұмыс істеймін деген адамға әрдайым бір күрек табылады, сылтау іздеп отырған дұрыс емес дейді. Алдағы уақытта ол Үкіметтен тағы да несие алып, омартаны кеңейтуге жәрдем берсе деген тілегін жеткізді. 

Балдың 1 литрін 3000 теңгеден сатамын. Ал алыпсатарлар 50 литрден кем алмаса бағасын төмендетіп беремін. Олар өз пайдасын ойлап тұрады ғой, дегенмен солардың еңбегіне жүгінетін кезіміз көп, – деді кәсіпкер.

Өзгелердің жаңалығы