Үкімет басшысы Олжас Бектенов мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңес барысында мұнай өндіру мен өңдеудің сын-тегеуріндері мен келешегі, сондай-ақ геологиялық барлау саласындағы жаңа жобаларды іске асыру жоспарлары талқыланды.
Премьер-Министр атап өткендей, Мемлекет басшысы Үкімет алдына мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын дамыту және арттыру міндетін қойды.
Өткен жылы елімізде 90 млн тонна мұнай өндірілді, ал расталған қор 2,9 млрд тоннаға бағаланып отыр. Сала салық түсімдері мен жұмыс орындарының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді.
Олжас Бектенов Қазақстанда ірі жобаларды іске қосудың маңызына тоқталды, оның ішінде Атырау облысында жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін мұнай-химия зауыты, салына бастаған үш газ өңдеу зауыты бар. Бутадиен және полиэтилен өндіретін зауыттар салу перспективалары талқыланды.
Салық және инвестициялық заңнама жетілдірілуде, Кәсіпкерлік кодекске және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске кәсіпорындарға жүктемені төмендететін түзетулер енгізілді. Жер қойнауын пайдаланушылар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар топтамасын бекітетін күрделі жобалар бойынша жетілдірілген үлгілік келісімшарт енгізілді.
Үкімет мұнай және мұнай өнімдері нарығын ырықтандыруға бағытталған реформалар жоспарлап отыр. Осы мақсатта Салық және Бюджет кодекстеріне, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске заңнамалық түзетулер әзірленуде, бұл жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өнімдерін өндірушілерді қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, бизнестен жергілікті қамту үлесін айтарлықтай ұлғайту және отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары күтілуде. Мұнда маңызды рөл үш ірі консорциум – «Теңізшевройл», Karachaganak Petroleum Operating B.V. және North Caspian Operating Company N.V. компанияларына жүктелген, бұл – саладағы барлық сатып алулардың 70%-ын құрайды.
Мұнай-газ саласы ең алдымен, барша Қазақстан халқының игілігі үшін қызмет етуі керек. Біз ұлттық бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын құруға және азаматтарымыздың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал ете отырып, мұнай-газ саласынан түсетін табыстың неғұрлым көп бөлігінің Қазақстанда қалғанын қалаймыз. Сондай-ақ жергілікті кадрларға да тиісті көңіл бөлу қажет. Көптеген есептерде жұмысшылардың 90%-дан астамы қазақстандықтар екенін көріп отырмыз. Бірақ басшылық құрам туралы бұлай айта алмаймыз. Бүгінгі таңда елімізде әлемдік жетекші мұнай-газ компанияларынан алған жұмыс тәжірибесі бар басқарушылар жеткілікті. Оларға жобаларда перспективалық позицияларды ұсынуымыз қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет инвестиция тартуға жағдай жасай отырып, геологиялық барлау жұмыстарын қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты компанияларға тереңдеу жатқан жерлерді зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізу ұсынылды.
Сондай-ақ Премьер-Министр экономикалық даму мен экологиялық тұрақтылық арасындағы тепе-теңдіктің маңызына тоқталып, экология мәселелеріне де назар аударды. Ол үшін инновациялық әзірлемелер мен жаңа технологиялық шешімдерге белсенді түрде инвестиция салу қажет.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «Chevron Corporation» Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнес, «KAZENERGY» қауымдастығының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ли Шуфэн және басқа да қатысушылар мұнай-газ саласындағы ахуал туралы баяндама жасады.