Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Олимпиада ойындары-2026: Қазақстан жүлде үшін ең қомақты сыйақы беретін елдердің бестігіне кірді

Бөлісу:
 Emmanuele Ciancaglini/Getty Images
Фото: Emmanuele Ciancaglini/Getty Images

Қазақстан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларын жомарт сыйақымен ынталандыруға дайын елдердің қатарында. Алтын медаль алған қазақстандық атлет шамамен 250 мың доллар сыйақы алуы мүмкін. Бұл әлемдік орташа деңгейден едәуір жоғары болғанымен, төлем көлемі бойынша көш бастап тұрған елдерден сәл төмен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Forbes дерегіне сүйенсек, 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиада ойындарындағы әр алтын медаль шамамен 500 грамм күмістің сыртына қапталған алты грамм алтыннан тұрады. Қымбат металдардың рекордтық бағасына байланысты оның құны 1000 доллардан асады. Дегенмен спортшылар үшін жеңістің шынайы құны көбіне мемлекет белгілеген ақшалай сыйақымен өлшенеді.

Кемінде 92 қатысушы елдің 37-сі олимпиадашыларға медаль үшін ақшалай сыйақы төлеуге уәде берген. Қазақстан осы тізімде бар және төлем көлемі бойынша жоғары орындардың бірін иеленіп отыр.

Ұлттық олимпиадалық комитеттер мен спорт ведомстволары арасында жүргізілген сауалнама негізінде жекелей спорт түрлеріндегі алтын медаль үшін берілетін сыйақы мөлшері төмендегідей:

• Сингапур – 787 000 доллар;
• Гонконг – 768 000 доллар;
• Польша – 355 000 доллар;
• Қазақстан – 250 000 доллар;
• Италия – 213 000 доллар;
• Кипр – 177 000 доллар;
• Болгария – 151 000 доллар;
• Литва – 138 000 доллар;
• Косово – 130 000 доллар;
• Эстония – 118 000 доллар.

Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-та олимпиада чемпионы алтын медаль үшін шамамен 37 500 доллар алады. Бұл Азия мен Еуропаның бірқатар елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Сарапшылардың айтуынша, сыйақы көлемі мемлекеттің қаржылық мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар спорттың ұлттық имидж бен атлеттерді дамытудағы стратегиялық маңызын да көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы