Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорғанда олимпиадалық жүзу бассейні салынып жатыр. Бұл ғимарат қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланған.
Қазір нысанда құрылыс қарқынды жүріп жатыр, жұмыстың бірінші кезеңінің көлемі 80% аяқталған, енді келесі маңызды міндет – аумағын абаттандыру ісі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізіліп жатқан теңдессіз жобаның құрылысы облыс басшысының жіті назарында. Бүгін кезекті рет облыс әкімі Амандық Баталов нысандағы құрылыс жұмыстарының барысын бақылап қайтты.
Маңызды нысанды Амандық Баталов мердігер "Bazis Construction" компаниясының басшылығымен, мамандарымен бірге аралады, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстардың егжей-тегжейін талқылады. Ірі жобада істің ұсақ-түйегі болмайды. Сондықтан облыс басшысы мамандармен ішкі дизайн элементтері, балалар бассейніндегі қабырғалардың жазулары, түс жағынан үйлесімділігі, ғимараттың ішіне де, сыртына да ту тұғырын орнату, сол сияқты ғимаратты жарықтандыруды, тұрмыстық бөлмелерді жабдықтауды ұйымдастыру, кіреберіске төселетін плиткалардың түсі мен түрі сияқты мәселелердің барлығын сұрап біліп, талқылап, өз ұсыныстарын айтты.
Облыс әкімі ғимарат аумағын абаттандыру жұмысын қатаң сынға алды.
Бассейн мен "Жастар" саябағы, маңындағы көшелер өзара бір-бірімен бірыңғай кешен құрап үйлесімді болып тұруы керек. Осы мәселенің бәрімен менің бірінші орынбасарым Лаззат Тұрлашов, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, облыстық құрылыс басқармасы, қалалық сәулет және басқа да қызметтер айналысуы керек. Бұл бағыттағы жұмыстар өте сылбыр жүріп жатыр. Бірқатар мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Бұған жол бермеу керек. Мен келесі келгенде менің қазіргі жасаған түзетулерімді, қайта дайындалатын ландшафтық дизайн жобасын, жалпы абаттандырудың егжей-тегжейлі жоспарын көрсететін болыңдар. Жарық шамдарының, орындықтардың, шағын архитектуралық формалардың түрлері - осындай детальдардың барлығы да маңызды. Осылардың барлығын ойластырып, дайындап, маған бекітуге көрсетулерің керек. Осы нысанда аптасына екі рет кездесу өткізіп, барлық мәселелерді шешуді, жұмысты жандандыруды тапсырамын. Екі аптада бір рет келіп, көріп тұратын боламын, тамызда нысанды пайдалануға беруіміз керек. Оған қоса әрбір дүйсенбі сайын жұмыстардың барысы, әсіресе, абаттандыру туралы есеп беріп отырасыңдар, - деді А.Баталов.
Облыс әкімі спорт нысанын алдағы уақыттағы іске қосу кезіндегі мәселелерді де талқылады.
Жүзуден түрлі деңгейдегі жарыстардан өзге бұл жерде балаларды, жалпы тұрғындарды жүзуге үйретеді, су добынан, мәнерлеп жүзуден, суға секіруден жарыстар өтетін болады. Сондықтан күрделі құрал-жабдықтарды орнатып, оның қыр-сырын жақсы білетін мамандар бұдан былай да осында жұмыс істесе жақсы болар еді. Біз өз тарапымыздан алдағы уақытта олардың тұрмыстық мәселелерін шешуге жәрдемдесетін боламыз, - деген облыс әкімі облыстық спорт басқармасының басшысына мердігер мекемемен бірлесіп кадрлық мәселені кеңінен ойластыруды тапсырды.
"Bazis Construction" мердігер компаниясының атқарушы директоры Мұстафа Афраиловтың айтуынша, жалпы құрылыстың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Екінші кезеңі іске қосу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін, бассейндерді тексеру, суға толтыру, суды жылыту мен желдету сапасын тексеру үшін қажет. Барлық қажетті италиялық, германиялық құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатуға дайын тұр. Қазіргі кезде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы аптадан бастап компания абаттандыру жұмыстарына кіріседі. Нысандағы жұмыстарға 475 адам тартылған, шатырдың өзінде 75 адам жұмыс істеп жатыр.
Амандық Баталов келесі аптаның соңына дейін абаттандыруға қатысты дизайн жобасын көрсетуді тапсырды. Сол сияқты құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, қыркүйекте іске қосу тапсырылды.
Еске салатын болсақ, жалпы алаңы мың шаршы метр болатын, су спорты түріне арналған нысан базасында әлемдік стандарттарға сәйкес 2 бассейн бар. Ұзындығы 50 метрлік бассейндердің бірі жүзу, аквааэробика, су добы, мәнерлеп жүзу бойынша оқу-жаттығу сабақтарына арналса, екіншісі 5-тен 10 метрге дейінгі биіктіктен суға секіруге арналған.