Өтіп бара жатқан аптаның айшықты оқиғаларының бірі – өңір басшыларының ауысу болды. Көп әкім өз тақтарында қалса, Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы болып Олег Крук тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сонымен, Олег Крук кім? Керекудің су жаңа әкімінің міндетін атқарушының ЖЭО-дағы апатқа жауапты делініп жүрген Александр Клебановқа қандай қатысы бар? Ол туралы белгілі деректерді жинаған болатынбыз.
Круктың әкімнің міндетін атқарушы болуы 132 мыңнан асатын халқы бар қаладағы жылу электр орталығындағы апатпен тұспа-тұс келді. Ол 2020 жылдың қаңтарынан бері облыс әкімдігін басқарған Әбілқайыр Ысқақовты алмастырды.
Энергетиктен әкімнің орынбасарына дейін...
Олег Крук 1967 жылы Павлодарда дүние есігін ашқан.
1992 жылы Павлодардағы Индустриалды институтты бітіріп, «өнеркәсіптік жылу энергетигі мамандығын» алып шығады.
Еңбек жолын Павлодар ЖЭО-3-те 1988 жылы қазандық цехының инженер-технологы ретінде бастаған. Кейін «Ремэнерго» фирмасының бас инженері болып өседі.
1999 және 2002 жылдар аралығында «Солтүстік Қазақстан энергетикалық компаниясы» ЖШС, «Казснабцентр» ЖШС, «Казпромресурс» ЖШС және «Теплоцентр-Северный» ЖШС Павлодар филиалында жұмыс істейді.
2002 жылы «Павлодарэнерго» ААҚ жылу желілерінің тізгінін қолға алды.
2006 жылы «Павлодар жылу желілері» АҚ басқарды.
Крук 2007 жылы мемлекеттік қызметке ауысады. Осылайша, Павлодар облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.
2008 жылы Павлодар қаласы әкімінің орынбасары болды. Бұл лауазымда төрт жылдан астам отырды.
Кәсіпкер Крук
Қала әкімінің орынбасары болған 4 жылдай уақыттан кейін Крук 2020 жылы Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасына басшы болып келді.
Сондай-ақ 2021 жылы 6 сәуірде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс салаларына жауапкершілік Олег Круктың мойнына жүктелді. Одан кейін жекеменшік секторға ауысып, кәсіпкерлікті қолға алған.
Депутат Крук: Сенатқа өзін ұсынды
2020 жылы шыққан ақпаратқа сәйкес, тамыз айында Крук Павлодардан ҚР Парламенті Сенатына депутат болып сайланды.
Өзін өзі жұмыспен қамтыған Олег Крук сайлауға үміткер ретінде өзін өзі ұсынды, - делінген сол уақытта таралған хабарламада.
Павлодар облыстық мәслихатының VІ шақырылым депутаты ретінде тіркелген. Сондай-ақ Крук «Ерен еңбегі үшін» және «Белсенді қызмет үшін» төсбелгілерімен марапатталған.
Крук пен Клебанов
Қыстың күні қырауда орын алған Екібастұздағы апат пен өңірлік әкімдердің ауысуы қатар келді. Қатар келді дегенде, жаңа әкімді тағайындағалы отырған Ақорда қаладағы ЖЭО-дағы дауға ұласқан апаттан соң әкімді босатты. 2020 жылдан бері Павлодар облысын тізгіндеген Әбілқайыр Ысқақовтың орнына Олег Крук әкімнің міндетін уақытша атқарады деген ақпаратты жариялады.
Олег Крук бұған дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары еді.
Әрі Олег Крук Қазақстанның ең бай 50 адамының бірі санатындағы олигарх, Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа жауапты делінген Александр Клебановтың қол астында жұмыс жасаған деген ақпарат бар. Бұған дәлел, Крук әр жылдары «Павлодарэнерго» АҚ-да директор және «Павлодар жылу желілері» АҚ-да президент лауазымын иеленген. Ал бұл екі компания олигарх Клебанов иелік ететін «ЦАТЭК» АҚ-ға тиесілі болған. Оның үстіне, Клебанов Екібастұз, Павлодар, Петропавл мен Астана ЖЭО-ларының «қожайыны».
Крук Павлодар облысы әкімі орынбасары болған жылдары облыстағы жылыту маусымына даярлық жұмыстарына жауаптылардың бірі екені белгілі. Демек Екібастұздағы жылу электр орталықтарының қысқа маусымына дайындығын Крук қадағалаған.
Әкімнің міндетін атқарушы Крук әкімнің тағына тағайындалса да, мейлі одан қалыс қалса да, ең бастысы тоңған халықты тез жылытып, «мұзды шаһарға» айналған Екібастұздағы апатты жылдам жоюға мұрындық болса болғаны.