Қол қусырып жатпағандар

7 Сәуір 2020, 13:28
3567
Бөлісу:
Қол қусырып жатпағандар
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер жүзін жайлаған коронавирус індетімен күресіп жатқандардың еңбегі ұшан-теңіз. Дәрігерлер, полиция, төтенше жағдайлар қызметі, қалалық және аймақтағы жергілікті әкімшіліктер күн демей, түн демей қызмет етуде.

Ал тұрғындар тарапынан жасалатын басты көмек ол – үйден шықпау, яғни оқшаулану. Әлеуметтік желіде небір челендждер, онлайн сабақтар мен шеберлік сағаттары өтіп жатыр. Солардың арасында қауіпті індеттен сақтануға көмектесетін маскалар тігу, өз қолымен антисептикалық сұйықтық дайындау әдістері үлкен қызығушылық туғызды.

Қосымша білім беру ұстазы Айнагүл Наурузова алғашында дәріханалардан бетперде таба алмағанын айтады. Сол себепті тапшылық сезілген алғашқы күндері масканың бірнеше түрін тігіп, бір үйде тұратын көршілері, көпбалалалы аналар мен жалғызбасты аналарға тегін таратып, қайырымдылық жасауды қолға алған. Ұстаз өзі сабақ беретін үйірме оқушыларына да бірнеше маска тігіп бергенін айтады. Ұстазының қайырымдылық әрекетін үлгі еткен шәкірттері де белсенділік танытып, өз қолдарымен бетперде тігіп, ата-әжелеріне сыйлаған. 

Ал кейін сатылымда бар бетперделер барынша қорғай ала ма? деген сауал туындаған. Осылайша ол тек ауыз бен мұрынды ғана емес, көзді де бірге қорғайтын ерекше бетперде жасап шығаруды ұйғарған.

айна1.jpeg

Менің ойымша, өзгеге деген көмекті өзіңнен бастаған жөн. Қазір барлық адамды өзін-өзі сақтау тәсілдері толғандырады. Осы тақырыпта біраз ізденіп, тігу тәсілдері туралы бейнероликтер көріп, біраз оқыдым. Маскалардың басым бөлігі мұрын мен ауызды жабады, ал көз қорғаусыз қалады екен. Журнал мен кітап дизайнын жасау үшін қолданатын дағдыларым масканың жаңа түрін ойлап табуыма да көмегін тигізді. Осылайша, мен ауыз, мұрынмен қатар, көзді де қорғап тұратын ыңғайлы маска тігуді ұйғардым, - дейді Айнагүл Наурузова.
айна2.jpeg

Ұстаз осы бетперде дизайнын екі күнде жасап шығарған.

Бұл ерекше масканың дизайнын сызып, пішуге екі күн кетті. Өйткені ойымдағыдай ыңғайлы, әрі қолжетімді қорғаныш құралын жасағым келді. Интернеттен іздеп мұндай маскалар таппадым. Сондықтан бетті қорғауға арналған бұл функционалды бетпердені патенттеп, тиісті құжатты кеше ғана алдым. Жалпы маска екі бөліктен тұрады. Төменгі жағы тыныс алуға ыңғайлы болу үшін мақта матасынан жасалса, жоғарғы жағында мөлдір қорғаныш пленка болады. Мұндай бетпердені екі сағат киген соң, қайта жуып, үтіктеп, сүртіп киюге болады. Әмбебап маска ауыз, мұрын, көзді қорғаумен қатар, маңдай мен иекті де жауып тұрады, - дейді идея авторы.

бэлла3.jpeg

 Жұмыла көтерген жүк жеңіл, осындай қиын-қыстау кезеңде ел ішінде көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Белгілі дизайнер Бэлла Закариянова осындай қайырымдылық акциясына қатысып, ерікітілермен бірге 2000 бетперде таратты.

мак22.jpg

Қайырымдылықпен жиі айналысамыз. Биыл көктем мерекесінде көпбалалы үйден шыққан 100 студент қыздарға 100 киім сыйладық. Коронавирус қауіпті індет болғандықтан, көмектесу - кәсіпте жүрген әр азаматтың борышы деп білемін. Әзірет Сұлтан мешіті және "Сауап" еріктелер ұйымымен бірге "Біз біргеміз" науқанына қатысып, екі мың маска тараттық. Ерекшелігі - бұл бетпердені 2 айға дейін пайдаланауға болады. Оны қолданушы өзі жуып, үтіктеп, өзі дезинфекция жасай алады. Ерекшелігі матасында, нанотехнология бойынша шыт матадан жасалған, жуылған соң созылып немесе кішірейіп кетпейді. Өйткені оның құрамында эластин мен шыт бар. Мата сетінемеу үшін лазерлік тігіс жасадық, яғни адамның бетінде де із қалдырмайды. Әйелдерге, ер адам мен балаларға арналған түрлері бар. Осындай қиын сәтте бірігуіміз керек деп ойлаймын. Мүмкіндігі жоқ адамдарға қорғанышпен қоса, жақсы көңіл-күй мен қолдау сыйлау өте маңызды, - дейді Бэлла Закариянова.
бэлла2.jpg


Бала күтімімен үйде отырған екі баланың анасы Бибісара Жұмабаеваның айтуынша, індет бүкіл әлемді жаулап, қорғаныш құралдары жетіспей бастағанда қолынан іс келетін шеберлер қарап отырмай, жоқтан бар жасауға тырысты.

сара.jpeg

Мәселен, Ютуб желісінде бір күннің ішінде тоқылған медициналық маскалардың тегін мастер-кластары көбейіп кетті. Сағат сайын әр елдің шеберлері өз шеберлік сағаттарымен бөлісіп жатты. Соның ішінде Италия мен Ресейде тұратын шеберлер басым. Қызығушылықпен мен де өз нұсқамды тоқып көрдім. Бірақ күн жылы аймақта жылы жіптен тоқылған маскаларды кию қиындау. Тоқылған масканың астарына алмалы салмалы етіп стирильді дәкені көктеуге болады. Тоқылған масканы балаларға түрлі аң-құс бейнелерімен өрнектеп берсе, қызыға киеді. Емханаға барғанда біраз қорғаныш қызметін атқарары сөзсіз. Дегенмен, масканы әу баста науқас адамға арнап шығарған ғой. Сіз түшкіріп, жөтелгенде ауаға 3 метрге дейін сіздің деміңіз таралатынын білесіз, сондықтан ең алдымен сіз науқастанып қалсаңыз, айналаңыздың саулығы үшін маска кигеніңіз абзал. Мейлі ол тігілген болсын, тоқылған болсын, маска адамнан шығатын зиянды ауаға таратпауға көмектеседі, - дейді Бибісара Жұмабаева.

ток1.jpeg

Амигуруми өнерінің әуесқой шеберінің ойынша, болашақта тоқыма маскалар сәндік бұйым ретінде де қолданылуы әбден мүмкін.

Тоқылған маскалар қыста, суық күндері киюге таптырмайды. Біріншіден суық ауадан баланың тамағы аурудан сақтайды. Екіншіден түрлі принттермен өрнектелген маска өте сәнді көрінеді. Ал ондай масканы әрбір ана өз баласына интернеттен қарап, тоқып беруіне болады. Тіпті жылдар өте тоқыма маскалар сәндік бұйым ретінде қолданылуы әбден мүмкін, - дейді Бибісара Жұмабаева.
Салауатты, ынтымақты отбасы - еліміздің біртұтастығының бірден бір кепілі. Отбасы мүшелерінің саулығы – мемлекетіміздің саулығы. Осыны ескеріп, тұтқиылдап келген індетпен күресте қол қусырып жатпай, отбасы, жақын-жарандары, тіпті мұқтаж жандар үшін қолдан келген көмегін тигізіп, барынша еңбек етіп жүрген қарапайым қазақ қыздары осындай. #БізБіргеміз.

 айна3.jpeg


Өзгелердің жаңалығы