Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Ол сталкер болды": Шымкентте қаза тапқан қыздың ағасы күдіктіге ең ауыр жаза сұрады

Бөлісу:
 otyrar.kz
Фото: otyrar.kz

2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, отбасы ауыр қазаға ұшырап, трагедия төңірегінде тараған барлық ақпаратты мұқият бақылап отыр. Ол қолдау білдіріп жатқан жандарға алғыс айтып, қазіргі таңда туыстары күдіктіге ең қатаң жаза тағайындауды талап етіп отырғанын атап өтті.

Ашығын айтсақ, қазір біз жан азабынан қан жұтып отырмыз. Әрбір жаңалықты оқып, бізге қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс білдіреміз. Қазіргі сәтте қолымыздан келетін жалғыз нәрсе – оған барынша ауыр жаза тағайындалуына қол жеткізу, - деп жазды ол.

Сондай-ақ ер адам мәлімдемесінде марқұм қарындасының мінезі мен қайғылы жағдайға дейінгі жайттар туралы да айтты. Оның сөзінше, қыз қудалауға (сталкингке) ұшыраған.

Менің кіші қарындасым өте ақылды, сабырлы, тұйық әрі тыныш мінезді еді. Ол “жоқ” деген сөздің мәнін түсінбеген. Бұл – қудалаушы адам, - деді марқұмның ағасы.

Ол отбасының артық пікір білдіруден әдейі бас тартып отырғанын, себебі бұл сот процесі барысында қорғау тарапының пайдасына қолданылып кетуі мүмкін екенін жеткізді. Сонымен қатар істің әділ қаралатынына үміт артатынын айтты.

Сот процесі әділ өтеді деп сенеміз. Алла баршамызға сабыр мен рухани тыныштық нәсіп етсін, - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

бүгін полиция жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады

Өзгелердің жаңалығы